Жаңаөзенде газ жабдығы орнатылған көлік жарылды: ТЖМ жүргізушілерге қауіпсіздік ережелерін ескертті

0
143

Құтқарушылар келгенге дейін көлікке орнатылған газ баллоны жарылып кеткен.


Жаңаөзенде газ жабдығы орнатылған көлік жарылды: ТЖМ жүргізушілерге қауіпсіздік ережелерін ескертті

Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

ERNUR.KZ. Жанаөзенде газ жабдығы орнатылған автокөлік өртенді, деп жазады tengrinews.kz.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт 8 қыркүйекке қараған түні Жанаөзен қаласының Мерей шағын ауданындағы 46-шы көшеде болған. Құтқарушылар келгенге дейін көлікке орнатылған газ баллоны жарылып кеткен.

ТЖМ қызметкерлері өртті сөндірді, оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ екені хабарланды.

Газ жабдығы бар көлікпен қалай қауіпсіз жүруге болады?

ТЖМ газ жабдығы бар көлік жүргізушілеріне арналған қауіпсіздік ережелерін еске салды:

  • Егер автокөлік газ жабдығымен жарақталған болса, газ баллоны мен бүкіл жүйенің күйін үнемі тексеріп тұрыңыз. Техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарын тек мамандандырылған сервистерде ғана жүргізіңіз.
  • Егер салонда немесе көлік маңында газ иісі шықса, дереу тоқтап, қозғалтқышты өшіріңіз. Ашық отты пайдаланбаңыз және электр құралдарын қоспаңыз. Көліктен шығып, қауіпсіз қашықтыққа алыстаңыз.
  • Газ шыққанда немесе өрт болған жағдайда бірден 112 нөміріне қоңырау шалыңыз. Өзіңізге қауіп төнетін болса, өртті өз бетіңізше сөндіруге тырыспаңыз.

Автокөлікті газға қалай дұрыс ауыстыру керек?

Бұған дейін автосарапшы Юрий Резнев көлікті газға ауыстырудың басты ережелерін айтқан болатын.

"Ең үлкен қателік - газ орнатып, баптауларына тиіспеу. Оталдыру жүйесін реттемесе, қозғалтқыш шынымен зақымдалуы мүмкін. Бірақ бәрі сауатты жасалса, газ тіпті қозғалтқышқа оң әсер етеді - ол бензин сияқты цилиндр қабырғаларындағы май қабыршағын жуып кетпейді және майды сұйылтпайды", - дейді сарапшы.

Резневтің айтуынша, газ жабдығының дұрыс жұмыс істеуі үшін оталдырудың озу бұрышының (УОЗ) вариаторын орнату қажет, ол ұшқын сәтін жылжытып, газдың жануына көбірек уақыт береді, немесе газға арналған бөлек бағдарлама (прошивка) жүктеу керек.