Жамбыл облысында көкпар кезіндегі жанжал атыспен аяқталды

0
82

​Көкпардан кейін туысына араша түскен ер адам атыс шығарған.


Жамбыл облысында көкпар кезіндегі жанжал атыспен аяқталды

фото: baq.kz.

ERNUR.KZ. Меркі аудандық сотында ер адамның атыс қаруын қолданумен жасалған бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды, деп жазады baq.kz.

Сотта анықталғандай, 2026 жылдың қаңтарында «көкпар» ұлттық ойыны кезінде Кеңес ауылының екі тұрғыны арасында ауызша жанжал туындап, ол төбелеске ұласқан. Біраз уақыттан кейін жанжалға қатысушылардың бірі болған оқиға туралы туысына хабарлаған.

Сотталушы жанжал жалғасқан жерге жеткенде, бұзақылық ниетпен әрекет етіп, үйіне барып, өз атына заңды түрде тіркелген ИЖ-81 аңшылық мылтығын алып, оны резеңке оқпен зарядтап, жәбірленушіні атып, денсаулығына жеңіл зиян келтірген. Атыс шығарушының әрекеттері ауыл тұрғындары арасында үрей туғызып, қоғамдық тыныштықтың бұзылуына әкеп соққан, - деп хабарлады Жамбыл облысының Меркі аудандық сотының баспасөз қызметі.

Кінә тараптардың, куәлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

Сотталушы кінәсін толық мойындап, тайып кеткенін және мылтық кездейсоқ атылғанын түсіндірді. Болған оқиғадан кейін ол жәбірленушіні дереу ауруханаға жеткізіп, көмек көрсеткен. Жәбірленуші қару кезенген ер адамды кешіргенін және оған ешқандай талап қойылмағанын, тараптар татуласқанын айтқан.

Сот кінәні мойындауын, шын жүректен өкінуін, жәбірленушімен татуласуын, оң қырынан сипатталуын, 4 кәмелетке толмаған баласының, қарт ата-анасының және жұмыс істемейтін жұбайының болуын, сондай-ақ ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.

Сот үкімімен ер адам ҚК 293-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. ҚК 63-бабын қолдана отырып, тағайындалған жаза шартты деп танылды. Үкім заңды күшіне енді, - деп жазылған сот хабарламасында.