WhatsApp көп хабарлама жазатын қазақстандықтарды бұғаттап тастайды

0
98

IT мамандар Цукербергке WhatsApp желісін пайдаланатын 3 миллиардтан асатын адамды "сауынды сиырға" айналдырудың түрлі жөн-жобасын ұсынуда.


WhatsApp көп хабарлама жазатын қазақстандықтарды бұғаттап тастайды

Фото: canva

ERNUR.KZ. Жас қызметші Динараның әңгімелеуінше, ол қызмет ететін квазимемлекеттік мекемеде зейнеткерлік жасқа жетіп қалған "бір қызық кісі" бар екен. Жұмыстан кейінгі уақытта, іші пысқанда, тіпті демалыс күні жұрттың бәріне жаза бастайды. Мәтіндік және дауысты хабарламаны қатар, араластыра жолдап, қарша боратады, деп жазады inbusiness.kz.

"Бұрын жасын сыйлап, сыпайылық сақтап, "ия, жоқ" деп қысқа жауап беретінмін. Кейін түсінгенім – кім жауап қатса, соған бар назарын аударады. Тыңдайтын аудитория, "еркін құлақ" іздейді. Содан елемейтінді шығардым. Бір ғажабы, сонша сөзшең бола тұра өзі үлкен мәтіндерді ұнатпайды. Жоғарыдан қалың құжаттар келсе, "сен оқы, жассың!" деп бізге бере салады. WhatsApp-та хат-хабарламаны да әр сөйлемге бөліп, бөлек-бөлек жолдайды. "Нервный тикке" ұқсайды. Содан кейде оқылмаған көп хабарламаны көріп, шошимын, қарасам, бәрі де – сол кісіден. Жұбайым үйреніп алды, мессенджерім нөсерлеткен хат-хабарламаны қабылдап үлгермей, қақала шиқылдап жатса, сол адам жазып жатқанын бірден түсініп, күледі", – дейді Динара.

Енді мұндай беймаза пайдаланушыларға америкалық компания тарапынан бұғатқа түсіп қалу қаупі төнді. Айта кетсек, WhatsApp мессенджері 2014 жылдан бері америкалық трансұлттық Meta Platforms, Inc корпорациясына тиесілі. Ал, Meta-ның қожайыны және бас директоры Марк Цукерберг болып табылады.

WhatsApp жауапсыз жазылған хабарламалар легіне қойылатын лимитті бірнеше елде, ішінара іске қосып, тестілеуге кірісіп жатыр.

"WhatsApp пайдаланушылар мен компаниялардың өзге адамдарға жауапсыз жолдай алатын хабарламаларының санын шектеу функциясын сынақтан өткізіп жатыр. Осы арқылы мессенджер спаммен күресуге ниетті. Осылайша, WhatsApp қарсы тараптан жауабын ала алмаған хабарламалардың ай сайынғы санын бекітеді. Алайда хабарламалардың жалпы көлемі әлі күнге нақты белгісіз", – деп мәлім етті мамандандырылған Тechcrunch.com порталы.

Мысалы, шағын және орта бизнес, сондай-ақ алуантүрлі алаяқтар әлемдегі ең танымал осы мессенджерді жарнама-хабарландыру жолдау құралына айналдырып алды. Пайдаланушылар бөгде аккаунттардан, бизнес-аккаунттардан күніне бірнеше рет түрлі хабарландырулар алып тұрады. Оларды жеке-жеке және қолмен бұғаттауға тура келеді.

Мессенджер сынақ аяқталғанда, шектеу үшін жауабы жоқ хабарламалардың ең оңтайлы санын айқындайтын болады. WhatsApp 1 айлық лимитке жеке тұлғалар үшін қанша, заңды тұлғалар үшін қанша хат-хабарлама кіретінін хабарламады, себебі, қазіргі кезде түрлі лимиттерді қатар тестілеуден өткізіп жатыр.

Бір белгілісі, WhatsApp түсіндіруінше, қандай да бір компания немесе жеке тұлға лимитке жақындаса, қосымша қалқып шығатын терезедегі ескертпені көрсетеді. Онда бұғаттау функциясының іске қосылуын болдырмау үшін пайдаланушы бұл айда енді тағы қанша хабарлама жолдай алатыны көрсетілуге тиіс.

Компания тестілеудің бірден бірнеше мемлекет аумағында басталып жатқанын хабарлады. WhatsApp мәліметінше, орташа статистикалық пайдаланушылардың хабарламалары әдетте лимитке тақап та бармайды.

"Бастапқыда WhatsApp жеке контактілеріңе хат-хабар жіберудің ең қарапайым тәсілін ғана ұсынған қосымша болды. Уақыт өте келе ол күрделене түсті, топтар, қауымдастықтар, маркетингтік-іскерлік хабарламалар пайда болды. Өзгерістер салдарынан пайдаланушыларға жеке басына еш қатысы жоқ, пайдасы да шамалы хабарламалар өте көп көлемде келе бастады. Оның бәрін бақылау, модерациялау, бұғаттау мүмкін емес. Сондықтан барлығына бірдей, ортақ тәртіп енгізуге талап жасалынып отыр", – деп түсіндірді үндістандық айти-шолушы Иван Меһта (Ivan Mehta).

Оның дерегінше, ай сайынғы жаңа лимитте бір адамның немесе заңды тұлғаның 1 ай ішінде өзгелерге жолдаған, бірақ жауап ала алмаған барлық хат-хабарламалары ескеріледі.

Мәселен, егер сіз конференцияда, концертте, басқа да жиында әлдекіммен таныссаңыз, кейін оның өзі берген нөміріне 3-4 хабарлама жібергеніңізбен ол адам үн қатпаса, осы бірнеше хабарламаңыз лимитіңізді "жеп" қояды. Яғни, бір жағынан, ол адамның сізді жаратпай, елемей тастағанына өкпелесеңіз, екінші жағынан, лимитіңіздің азая түскеніне өкінуіңіз мүмкін.

"WhatsApp-қа кіргенімде, күн сайын 50-ден аса оқылмаған хабарламаның жиналып қалғанын байқаймын. Ашып қарасам, көбісін беймәлім адамдар мен компаниялар жібергенін білемін. Мен танитын кісілер де ұқсас жағдайға жиі тап болатынына шағымданады. Өйткені бүгінде WhatsApp – адамдар мен компаниялардың қарым-қатынасының көп функционалды құралына айналды. Алайда оқылмаған хабарламалардың көптігі көңілге алаң салады. Өмірге, жұмысқа ықпал етуі мүмкін маңызды бір хабарды, оқиғаны жіберіп алдым ба, бейхабар қалдым ба деп қорқасың", – дейді Мехта.

Сыни пікір білдірушілердің осы ескертпесіне құлақ асқан WhatsApp былтырдан бері түрлі құралдар мен қорғаныштық тосқауылдар арқылы спам-жолданымдарды құрықтауға күш салып жатыр.

Әйтсе де, бұл – осы мессенджердегі шектен шыққан "демократияға" тұсау салатын алғашқы қадам емес. Ол 2024 жылдың шілдесінен бастап компаниялардың пайдаланушыларға ай сайын жолдай алатын маркетингтік сипаттағы хабарламаларының саны шектеуді сынақтан өткізуге кірісті.

2024 жылдан бері пайдаланушыларға маркетингтік хабарламалардан бас тарту мүмкіндігі ұсыныла бастады. Ал, биылғы жылы WhatsApp пайдаланушылар мен компаниялардың бір-біріне жолдай алатын хат-хабарламаларының санына шектеу белгіленді.

Сондай-ақ, 2025 жылғы қыркүйекте әлемдегі №1 мессенджердің қосымшасында өзге тілдегі хабарламаны аудару функциясы пайда болды. Ол әзірге жекелеген чаттарда, топтар мен арналарда жұмыс істейді.

Бұл ретте Android-смартфондарда чаттағы бүкіл хат жазысуды – барлық хабарламаны автоматты аудару функциясын қосуға мүмкіндік бар. Сонда келесі келіп түсетін хабарламалардың бәрі де таңдалған тілге тәржімаланатын болады.

Өз кезегінде ақпараттық технология мамандары WhatsApp-қа мессенджерден қосымша табыс табудың жолдарын көрсетуде.

"Сөзуар адамдар жауапсыз көп хабарлама жазу мүмкіндігінен айрылса, Телеграмға кетіп қалуы ықтимал. Сондықтан жауабы жоқ көп хат-хабарлама жолдағың келе ме – "Премиум" топтаманы сатып ал деу керек", – дейді thelittlewitch1 лақапатты пайдаланушы.

Traveller0968 WhatsApp-қа лимиттің бірнешеуі арасынан таңдауды пайдаланушылардың өзіне қалдыруды ұсынды.

"Тек хабарламаның санына ғана емес, оны жолдау жиілігіне де шектеу қойылуы керек. Әйтпесе, кейбірі лимиті біткенше, таңнан таңға дейін, әсіресе, түн ішінде хабарлама жаудыруы мүмкін. Шектеуді пайдаланушының өзі бекітуі керек. Мысалы, ұнатпайтын бір адамнан "тәулігіне 10 хабарламадан көп емес", немесе "әрбір сағат сайын 5 хабарламадан артық емес" деген сияқты лимиттер. Бұл ретте осындай шектеуге іліккен адам "жолдау-отправка" батырмасын басқанда қарсы тараптан сондай шектеудің қойылғаны туралы ескертпе жазылған баннер қалқып шыққаны жөн", – деді айти маманы.

Компанияға пікір білдірушілер саны мен ұзақтығы бойынша "дауысты хабарламаға" қатысты да шектеу енгізуді сұрады. Себебі, бүгінде мәтіндік хабарлама жазбайтын, толығымен "голосовойға" көшіп алғандар көп.

Ондайларға дауысты хабарламаның лимиттен асқан бөлігін және санын ақылы жолдауды талап ету керектігі ұсынылды. Мәтінді теріп жатуға шыдамай, "дауысты" жібере салып, өз уақытыңды үнемдегің келе ме, төле!

Әрине, мессенджер дауысты хабарламаларды мәтінге айналдыру функциясын енгізіп жатыр. Бірақ онысы әзірге орашолақ, әрі жолдаушының дикциясы нашар болса, көптеген сөзді түсінбейді.