Үш облыста жүктілігі ауыр өткен әйелдерге пансионаттар ашылды

0
142

Елімізде алғаш рет «Феталды медицина» жаңа технологиясы енгізіліп, жатырішілік 71 операция жасалып, нәтижесінде 96 нәрестенің өмірі сақталды.


Үш облыста жүктілігі ауыр өткен әйелдерге пансионаттар ашылды

Фото: ДСМ

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында жүкті әйелдерге жүргізілетін жаңа скринингтер мен бағдарламалар туралы айтып берді, деп жазады inform.kz.

Оның айтуынша, биыл алғаш рет болашақ аналарға арналған «Аналар саулығы» бағдарламасы іске қосылып, әйелдерді 12 түрлі зерттеуден өткізу және жүктілікке дайындау үшін 5,1 млрд теңге бөлінді.

– Былтыр 22 облыстық перинаталдық орталық құрамында «Ұрықты қорғау орталықтары» құрылып, жүкті əйелдерге медициналық көмектің қолжетімдігін арттыру мақсатында «Бір күндік клиника» ұйымдастырылды. Онда 100 мыңнан астам жүкті әйел 500 мыңға жуық тексеруден өтіп, нəтижесінде ұрықтың даму ақауларын ерте анықтау 13%-ға артты. Осы орталықтарды заманауи медициналық техникамен жабдықтауға әкімдердің жергілікті бюджеттен қаржы қарастыруын сұраймыз, – деді А. Әлназарова Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Елімізде алғаш рет «Феталды медицина» жаңа технологиясы енгізіліп, жатырішілік 71 операция жасалып, нәтижесінде 96 нәрестенің өмірі сақталды. Биылдан бастап емханаларда педиатриялық бөлімшелер ашылып, 100 даму және ерте араласу орталықтары жасақталды.
Жүкті әйелдер мен фертильді жастағы әйелдердің денсаулығына цифрлік бақылау мақсатында 20 ситуациялық орталық ұйымдастырылып, жүктіліктің асқынуын анықтап, дер кезінде емдеуге жатқызуға мүмкіндік берді.
– Шалғайдағы ауылдық жерлерде жоғары сын-қатер тобындағы жүкті әйелдерді алдын ала емдеуге жатқызуға, асқынған босанудан кейінгі кезеңде әйелдерді оңалтуға арналған «Салауатты ана» пансионаттары ашылуда. Бүгінде пансионаттар Түркістан, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында ашылып, жүкті әйелдерге қызмет көрсетіп жатыр. Басқа өңірлердің әкімдерінен жыл соңына дейін облыс орталықтарында пансионат ашу мәселесін шешуді сұраймыз, – деді Денсаулық сақтау министрі.