Үш метрге ұшып кеткен: Алматыда самокатшы қызды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен

0
98

Алматылық тұрғын Threads желісінде 14 сәуірде Төле би көшесінде болған жағдай туралы жазды.


Үш метрге ұшып кеткен: Алматыда самокатшы қызды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен

Фото: Freepik.com

ERNUR.KZ. Алматыда электрсамокат мінген тұрғын жаяу жүргіншіні қағып, кейін қашып кеткен. Бұл жағдай қала көшелеріндегі қауіпсіздік мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды, деп жазады stan.kz.

Алматылық тұрғын Threads желісінде 14 сәуірде Төле би көшесінде болған жағдай туралы жазды. Оның айтуынша, өзін жоғары жылдамдықпен келе жатқан электрсамокат қағып кеткен. Соққының қатты болғаны сонша, қыз бірнеше метрге ұшып түскен.

“Үш метрге ұшып кеттім. Бір кроссовкам бір жақта, телефоным бір жақта жатыр. iPhone-ның экраны сынған. Ең сорақысы – адам тоқтамай, қашып кетт”, – деп жазды ол.

Жәбірленушіге сол маңдағы адамдар көмектесіп, жедел жәрдем мен полиция шақырған.

“Куәгерлер самокатта екі адам болғанын, олар өте жылдам жүргенін айтты”, – деп қосты ол.

Қыздың сөзінше, оқиға бойынша арыз жазылғанымен, іс алға жылжымай отыр.

“Арыз бар, бірақ оны учаскелік инспекторлар арасында ары-бері жіберіп жатыр. Кінәлінің кәмелетке толған-толмағанын анықтай алмай отыр”, – дейді жәбірленуші.

Ол қаладағы электрсамокат мәселесі әлі де шешілмегенін атап өтті.

“Ең қорқыныштысы – соққы емес, мені сол жерде тастап кеткені. Тіпті жануарды қағып кетсе де, тоқтап көмектесуге тырысады. Ал мұнда – адам. Бірақ адамгершілік нөл”, – деп жазды ол.

Сондай-ақ ол қаладағы негізгі көшелерде самокаттарға арналған инфрақұрылымның жоқ екеніне назар аударды.

“Ең көп жүретін көшелердің бірі – Төле биде самокатпен жүретіндерге жағдай жасалмаған. Олар тротуармен жүреді, ал онда балалар, қарттар, жүкті әйелдер бар. Мұндай соққы біреуді өлімге әкеп соғуы да мүмкін”, – дейді ол.

Жәбірленушінің айтуынша, электрсамокаттар іс жүзінде қауіпті көлік түріне айналғанымен, оларды реттеу жеткіліксіз.

“Самокат – аяқпен итеріп жүретін құрал. Велосипед – педальмен жүреді. Ал мына электрлі құралдар мопед жылдамдығына дейін жетеді, бірақ неге екені белгісіз, әлі күнге дейін тротуармен жүреді”, – деді ол.

Ол мұндай жағдайлар тағы қанша рет қайталануы керек деп ашуланды.

Желі қолданушылары не дейді?

Пікірлерде өзге қолданушылар да электрсамокатшылармен болған ұқсас жағдайларын бөлісіп, кейбірінің мұндай оқиғадан кейін ауруханаға түскенін жазған.

Полиция не дейді

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.

“Қазір самокат жүргізушісінің жеке басын және оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру және тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта қалалық бейнебақылау жүйелерінің мүмкіндіктері пайдаланылып жатыр. Сондай-ақ көрсетілген уақытта көлік құралын жалға алған пайдаланушы туралы мәлімет алу үшін кикшеринг компанияларына ресми сұрау жолданды”, – деді ведомство өкілдері.

Полицияда бұл іс ерекше бақылауға алынғанын атап өтті.

“Мұндай деректер назардан тыс қалмайды. Құқықбұзушының жеке басын анықтау – уақыт пен техникалық мүмкіндіктерге байланысты мәселе”, – деп мәлімдеді баспасөз қызметі.

Сонымен қатар ведомство Алматыда микромобильді көлік құралдары саласында тәртіп орнату жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын жеткізді.

“Кейінгі ауқымды “Стоп-нарушение” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында электрсамокат пайдаланушылар тарапынан жасалған шамамен 5 мың құқықбұзушылық анықталып, жолы кесілді. 4 600-ден астам самокат арнайы айыппұл тұрағына қойылды”, – деп хабарлады Алматы қалалық ПД.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда самокат қағып кеткен жасөспірім мүгедек болып қалғаны хабарланған еді. Хабибулла Мақпалға қазір нейростимулятор қажет. Анасы Ислямова Әлияның айтуынша, қызын самокат қағып кеткеннен кейін қолы қатты зақымданып, діріл пайда болған. Қазір сол қолы бағынудан қалған.