Үкімет таңбалауға жататын тауарлар тізбесін кеңейтіп, ӘМАТ-қа белгіленетін сауда үстемелерін бақылауды күшейтетін пилоттық жобаны іске қосады.
ERNUR.KZ. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында сауда саласын цифрлық трансформациялау барысы мен даму болашағы қаралды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
«Мемлекет басшысы экономиканың барлық саласын цифрлық трансформациялау міндетін қойды. Көріп отырғанымыздай, сауда саласында жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Тауарларды толық қадағалау және сәйкестендіру аясында Тауарлардың ұлттық каталогы енгізілуде. Бұл тауарларды өндіруден немесе әкелуден бастап, көтерме және бөлшек саудада өткізуге дейінгі барлық кезеңде оларды жіктеуге негіз болады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр Президент тапсырмасын орындау аясында сауда саласында жүйелі жұмыс жүріп жатқанын атап өтті. «Астана-1» және «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйелерінің интеграциясы қамтамасыз етілді. Алайда тауарларды цифрлық қадағалаудың қолданыстағы жүйесі өнімдердің шектеулі санаттарын ғана қамтиды және әр жерде бөлек-бөлек орналасқан анықтамалықтар мен деректер форматына сүйенеді. Сондықтан қаржы, сауда министрліктері басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, Тауарлардың ұлттық каталогын барлық салада енгізу жұмыстарын күшейтуі қажет. Осы жұмыстарға белсенді түрде атсалысуға бизнес те шақырылды.
Техникалық реттеу жүйесін одан әрі жаңғырту мәселесіне ерекше назар аударылды.
«Кәсіпкерлер сертификаттау рәсімдерінің ашық болмауы мен қағаз құжаттардың қайталанатынын айтуда. Бұл мәселелерді сертификаттау, аккредиттеу және стандарттау тетігін жаңғыртуға бағытталған Е-ТРМК техникалық реттеу жүйесі шешуге тиіс. Осыған байланысты сауда, қаржы және цифрландыру министрліктері биылғы жылдың соңына дейін Е-ТРМК жүйесін салалық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен толық интеграциялауды қамтамасыз етуі қажет. Тауарлардың көптеген тобына таңбалауды енгізу мәселесіне қатысты бизнес тарапынан сұрақтар аз емес. Тауарларды цифрлық таңбалау жобасы ішкі нарықты контрафактілік және сапасыз өнімдерден қорғауға, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Меніңше, Сауда және интеграция министрлігі тарапынан таңбалаудың маңыздылығы мен оң әсері туралы кәсіпкерлерге тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілмеді. Сондықтан ақпараттық-түсіндіру науқанын күшейтіп, таңбалауға жататын тауарлар тізбесін кеңейтуді жалғастыру керек», — деп деп атап өтті Олжас Бектенов.
Агромаркетплейсті және қадағалау жүйесін іске қосу жөніндегі бастамалардың маңыздылығы аталып өтті. Олар ауылдық елді мекендерде экономикалық белсенділіктің барынша өсуіне ықпал ететін болады. Осыған байланысты сауда министрлігіне салалық мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жұмысын үйлестіруді қамтамасыз ету тапсырылды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне жыл соңына дейін агромаркетплейс арқылы ауыл шаруашылығы өндірушілерінің жұмысын ынталандыратын тетіктерді әзірлеу міндеттелді. Сыртқы сауда қызметі аясында тауарларды әкелу үдерістерін автоматтандыру, мәмілелердің ашықтығы мен сертификаттау мәселелерінде бизнеске көмек көрсету қажет. Сауда министрлігіне «Қазпоштамен» бірлесіп, жыл соңына дейін В2В электрондық сауда алаңының пилоттық жобасын іске қосу тапсырылды.
Премьер-министр осы мәселелердің барлығы икемді ведомствоаралық өзара іс-қимылды және бизнеспен тұрақты ашық диалог жүргізуді талап ететінін атап өтті.
Сауда саласын цифрлық трансформациялау мәселесін қарау қорытындысы бойынша Олжас Бектенов салалық министрліктерге бірқатар тапсырма берді:
Сауда, Қаржы министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 1 қазанына қарай тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жалпы жіктеуіші жүйесінде тауарлық топтарды бөлуді аяқтау.
Ведомстволық ақпараттық жүйелердің Тауарлардың ұлттық каталогымен сапалы интеграциясын қамтамасыз ету үшін нормативтік құқықтық актілерге талдау жүргізіп, оларды жаңарту қажет. Осыған байланысты Қаржы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиісті жұмыс жүргізу тапсырылды.
Әлеуметтік маңызы бар тауарларға белгіленетін сауда үстемелерін бақылауды күшейту мақсатында Сауда министрлігіне осы жылдың 1 қазанына дейін Көкшетау және Павлодар қалаларында цифрлық азық-түлік ваучерлерінің пилоттық жобасын іске қосу тапсырылды.