Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым саудадан гөрі ет, бидай, майлы дақылдарды өңдеудің толық өндірістік тізбесін қалыптастыруды, мал шаруашылығы мен органикалық егін шаруашылығын бірге дамытуды ұсынды.
Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентімен келіссөз барысында саяси және экономикалық байланыстарды жандандыра түсетін жаңа бағыттар айқындалғанын жеткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.
Өзара ынтымақтастық әлеуетін толық пайдалануды құптаймыз. Сондықтан осы бағытта табанды еңбек етуге дайын екенімізді айттық. Ең әуелі, сауда-экономика саласына ерекше мән беру керек. Сауда-саттықты дамыту үшін өсімнің тың мүмкіндіктерін іздеу, тауарлар номенклатурасын кеңейту және шикізаттық емес экспортты ынталандыру шараларын қабылдау қажет. Осы орайда Өзара тауар айналымын арттыру бағдарламасын сапалы жүзеге асыру маңызды. Бүгін құрылатын Өңір басшылары кеңесін, сондай-ақ Іскерлік кеңес пен «UzKazTrade» бірлескен сауда компаниясы секілді басқа да екіжақты механизмдердің жұмысынан нақты нәтиже күтеміз, – деді Қазақстан Президенті
Мемлекет басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор.
Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым саудадан гөрі ет, бидай, майлы дақылдарды өңдеудің толық өндірістік тізбесін қалыптастыруды, мал шаруашылығы мен органикалық егін шаруашылығын бірге дамытуды ұсынды.
Бұған қоса Президент өнеркәсіп кооперациясына үлкен үміт артады.
Қазіргі кезде жалпы сомасы бір жарым миллиард доллардан (1,7 млрд доллар) асатын 78 бірлескен жобамыз бар. Оның аясында 15 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген. Аталған жобалар толық іске асса, экономикалық және инвестициялық ықпалдастығымыз айтарлықтай күшейеді. Бүгін біз олардың бір парасын іске қосамыз. Қазақстанның Өзбекстанға салатын инвестициясын одан әрі ынталандыруға ниеттіміз. Бұл ретте өзбек достарымыздан әдеттегідей қолдау күтеміз. Құрылысы жүріп жатқан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығы индустриалдық қуатымызды одан әрі арттыруда маңызды рөл атқарады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу саласындағы серіктестік перспективті бағыттың бірі саналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан құрылатын Жұмыс тобынан барлық аспектіні мұқият зерделеп, өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қоюға қатысты ұсыныс беруді сұрады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы көлік-транзит саласындағы ықпалдастықты кеңейтудің стратегиялық сипатына тоқталды. Атап айтқанда, тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік кедергілерді азайту шаралары қабылданып, шекара маңы инфрақұрылымын дамыту және өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстары қолға алынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел үкіметтері логистикалық тізбектің барлық қатысушысына оңтайлы жағдай туғызып, инфрақұрылымдық, нормативтік және институционалдық міндеттерді шешуі қажет деп санайды.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Транскаспий халықаралық көлік бағдарын, Солтүстік – Оңтүстік дәлізін, сондай-ақ Ауғанстан арқылы теміржол бағытын дамыту аясындағы тиімді ықпалдастықты жалғастыру өзекті екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзбек тарапын Транскаспий халықаралық көлік бағытын бірге өркендету үшін Ақтау және Құрық порттары бойынша серіктестік құрып, логистикалық жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Қазақстан Президенті су-энергетика саласындағы конструктивті ынтымақтастық аса маңызды екенін жеткізді. Өйткені трансшекаралық өзендердің су ресурсын рационалды пайдалану – екі елдің тұрақты прогресіне ықпал ететін басты факторлардың бірі.
Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтеріне су шаруашылығы саясатындағы тәсілдерді үйлестіру үшін жүйелі шаралар әзірлеуді ұсынды.


