Президенттің айтуынша, қос ішекті қасиетті аспап арқылы тереңнен тамыр тартқан төл құндылықтар жаңғырып, ұрпақтар сабақтастығы сақталып келеді.
ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, домбыраны ұлттық бірегейліктің ажырамас бөлігі әрі халқымыздың рухын көтеретін баға жетпес мұра деп атады, деп жазады Zakon.kz.
Президенттің айтуынша, қос ішекті қасиетті аспап арқылы тереңнен тамыр тартқан төл құндылықтар жаңғырып, ұрпақтар сабақтастығы сақталып келеді.
"Ұлттың үні саналатын қасиетті аспабымыз қуанышты сәттерде де, қиын кездерде де берекелі бірлігімізді нығайтып, елдің рухын асқақтатуға себепкер болды. Домбыраның күмбірі азаматтарымызды жігерлендіреді", – деді Мемлекет басшысы.
Президент жаһандық сын-қатерлер күшейіп, дәстүрлі құндылықтар көмескіленіп жатқан кезеңде Ұлы даланың мол мұрасы, соның ішінде қара домбыра ұлттық мәдениеттің мызғымас тұғыры болып қала беретінін атап өтті.
Сондай-ақ ол халықаралық қауымдастыққа қазақ домбырасының сазды әуенін таныстыруды жалпыұлттық парыз деп бағалап, ақын Қадыр Мырза Әлі айтқан "Нағыз қазақ – Домбыра" деген қанатты сөздің маңызын ерекше атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев домбырашыларға, оқытушыларға және ұлттық өнерді ел ішінде әрі шетелде насихаттап жүрген азаматтарға алғыс білдіріп, қазақтың ән-күйі алдағы уақытта да халыққа шабыт беріп, елдің дамуына серпін беретінін айтты.
Сөз соңында Президент барша қазақстандықтарға амандық пен бақ-береке тіледі.


