Тимур Турловтың шығынға батқан тау-кен компаниясы акционерлеріне дивиденд төлемейтін болды

0
50

Компанияның шығыны 631 миллион теңгеден асты.


Тимур Турловтың шығынға батқан тау-кен компаниясы акционерлеріне дивиденд төлемейтін болды

Фото: Freedom Holding Corp баспасөз қызметі

ERNUR.KZ.Тимур Турлов негізгі акционері саналатын "БАСТ" АҚ 2025 жылдың қорытындысы бойынша акционерлеріне дивиденд төлемейтін болды. Себебі компания жылды шығынмен аяқтаған, деп жазады Stan.kz.

Компанияның шығыны 631 миллион теңгеден асты

KASE сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, “БАСТ” АҚ акционерлері компанияның жылдық қаржы есебін бекітіп, дивиденд төлемеу туралы шешім қабылдаған.

2026 жылы 1 шілдедегі жағдай бойынша компанияның міндеттемелері активтерінен асып түскен. Атап айтқанда, “БАСТ” компаниясының жалпы міндеттемелері 12 миллиард 652,5 миллион теңге, ал активтері 12,5 миллиард теңге болған.

Компанияның 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы таза шығыны 631,5 миллион теңге болған. Бұл көрсеткіш сәуір айымен салыстырғанда үш есеге жуық өскен. 1 сәуірде компанияның шығыны 222,6 миллион теңге болған.

“БАСТ” немен айналысады?

“БАСТ” АҚ - Абай облысындағы Оңтүстік Мақсұт кен орнын игеретін тау-кен компаниясы. Кәсіпорын Қазақстандағы құрамында никель бар өнім шығаратын жалғыз өндіруші саналады.

1992 жылы ашылған кен орнын игеру құқығы компанияға 2005 жылы берілген. Ал 2018 жылы Оңтүстік Мақсұтта никель және мыс концентраттарын өндіруге арналған байыту фабрикасы іске қосылды.

Турловтың үлесі қанша?

Компанияның негізгі акционері – кәсіпкер Тимур Турлов. Ол "БАСТ"-тың 74,18% акциясына тікелей иелік етеді. Қалған 16,42% акциясы Турловқа тиесілі Freedom Finance Global PLC компаниясының иелігінде.