Куәгерлер түсіріп алған видеода, қолында пышағы бар егде жастағы ер адам күшікке зиян келтірмек болған.
ERNUR.KZ. Теміртауда жануарларға қатыгездік көрсетті деген күдікпен 68 жастағы ер адам ұсталды, деп жазады tengrinews.kz.
Көпқабатты үйдің ауласында болған қатыгез көрініс жұрттың ашуын туғызды. Куәгерлер түсіріп алған видеода, қолында пышағы бар егде жастағы ер адам күшікке зиян келтірмек болған.
Ескерту жасалғаннан кейін ер адам күшікті жіберіп, оқиға орнынан кетіп қалған. Видео авторы бұл сәтті әлеуметтік желіге жариялаған. Кадрлар желіде жылдам тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Қарағанды облыстық Полиция департаменті мәліметінше, Теміртаудың 68 жастағы тұрғыны ұсталып, полиция бөліміне жеткізілген.
"Бұл факт бойынша жануарларға қатыгездік көрсету белгілерімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта алдын ала тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр", – делінген Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.