ҚР Энергетика министрлігі ел экономикасының өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында генерациялайтын қуаттарды арттыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.
ERNUR.KZ. Мемлекет басшысының жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Жетісу облысындағы «Текелі энергокешені» ЖШС-ін жаңғыртудың кезекті кезеңі аяқталды. Пайдалануға қуаты 17 МВт болатын үш кәдеге жаратушы қазандық пен генераторы бар бу турбинасы енгізілді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Жобаны іске асыру энергокешенде жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстарының жалғасы болды. Бұған дейін, 2025 жылы нысанда жаңғыртудың екі кезеңі сәтті аяқталып, жалпы қуаты 36 МВт болатын үш газтурбиналық қондырғы пайдалануға берілді. Нәтижесінде «Текелі энергокешенінің» белгіленген қуатының жиынтық өсімі 53 МВт-ты құрады.
Биыл Қазақстанда дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздерінің 2,6 ГВт қуатын пайдалануға беру жоспарлануда. Төрт бу-газ қондырғысы, төрт жел электр станциясы және бес күн электр станциясы іске қосылады. Сонымен қатар Атырау мен Текелі қалаларындағы екі электр станциясын кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Бұған дейін Қызылордада қуаты 240 МВт болатын бу-газ қондырғысы іске қосылған болатын.
Бұл жобаларды іске асыру 2027 жылдың бірінші тоқсанында елдегі энергия тапшылығы мәселесін шешуге, ал 2029 жылға қарай электр энергиясының тұрақты профицитіне шығуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


