Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі
ERNUR.KZ. Байқоңыр ғарыш айлағында ұшу-конструкторлық сынақтар аясында "Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешенінен жаңа буындағы "Союз-5/Сұңқар" зымыран-тасығышы ұшырылды, деп жазады Stan.kz.
Атаулы оқиға 30 сәуір күні болды.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, зымыранның бірінші және екінші сатылары қалыпты режимде жұмыс істеп, габаритті-салмақтық макет есептелген траекторияға сәтті шығарылған.
"Бұл ұшыру еліміздің ғарыштық қызметтердің әлемдік нарығында күрделі инженерлік нысанның толық пайдалануға дайын екенін растады. “Бәйтерек” жобасы – елге өз заманауи ұшыру алаңын пайдалануға мүмкіндік беретін стратегиялық жетістік", — делінген хабарламада.
Бұл — әлемдегі ең қуатты сұйық отынды зымыран қозғалтқышымен жабдықталған жаңа "Союз-5" зымыранының алғаш рет ұшуы. Ұшыру Байқоңыр ғарыш айлағындағы №45 ұшыру алаңынан жүзеге асты. Бұрын бұл алаң "Зенит" зымыран-тасығыштар тобына арналған болатын.
"Союз-5/Сұңқар" – Ресейде әзірленген орта класты екі сатылы зымыран-тасығыш. Ол жүктерді жеткізуге және автоматты аппараттарды күн-синхронды, жоғары эллипстік, геоауыспалы және геостационарлық орбиталарға шығаруға арналған. Жер маңындағы орбитаға 17 тоннаға дейін, ал геостационарлық орбитаға 2,5 тоннаға дейін жүк шығара алады.
Алғашында зымыранды ұшыру 2025 жылдың соңына жоспарланған еді. Кейін мерзім 2026 жылдың наурызына, одан соң сәуір айына ауыстырылды.


