Талғардағы жантүршігерлік қылмыс: үш баланың әкесі жер қойнына тапсырылды

0
93

6 қыркүйекте Талғар маңындағы Қызылқайрат ауылында жұртты дүр сілкіндірген қылмыс болды.


Талғардағы жантүршігерлік қылмыс: үш баланың әкесі жер қойнына тапсырылды

фото: видеодан скрин

ERNUR.KZ. Талғарда кісі қолынан қаза тапқан ер адам жер қойнына тапсырылды, деп жазады tengrinews.kz.

27 жастағы марқұм бүгін жерленді. Оның артында үш баласы қалды. Марқұмды туыстары, Қызылқайрат ауылының тұрғындары ақтық сапарға шығарып салды.

Марқұмның әйелі қайғылы оқиға болған күні күйеуі оған қоңырау шалғанын айтты.

"Ол әпкесін қорғауға тырысты. Күдіктімен қақтығыс кезінде оқ тиді", - деді әйел.

Талғардағы адам өлтіру және бала ұрлау оқиғасы

Еске салайық, 6 қыркүйекте Талғар маңындағы Қызылқайрат ауылында жұртты дүр сілкіндірген қылмыс болды. Ер адам ауыл тұрғынын атып өлтіріп, оның кішкентай жиенін ұрлап кеткен. Кейінірек арнайы жасақ баланы құтқарып, анасымен қауыштырды. Күдікті ұсталды.

Сәриева оқиғаға қатысты бірнеше видео жариялап, кейбір деректерді нақтылады.

Видеода жәбірленуші Сәриеваның туған әпкесі екені, ал күдікті автосервис қызметкері екені айтылады. Бір ай бұрын ол әйелді зорлады деп айыпталған. Адвокаттың сөзінше, сол кезде полиция ешқандай шара қолдамаған. Екі күн бұрын адвокат күйеуімен бірге күдіктіні ұстап, полицияға тапсырған, алайда келесі күні ол босатылған. Осыдан кейін ер адам Сәриеваның әпкесіне қоңырау шалып, қорқыта бастаған. Кейін ол әйелдің ағасының үйіне барып, оны атып өлтіріп, екі жасар баланы ұрлап әкеткен.