Сонымен қатар, сот оны өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан және лейтенант арнайы атағынан айырды.
Видеодан алынған кадр
ERNUR.KZ. Талғар ауданның учаскелік инспекторы ер адамды өлтіру және баланы ұрлауға әкелген салғырттық және қызметтік жалғандық жасау бойынша 2 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылды, деп tengrinews.kz.
Жәбірленуші тараптың адвокаттары Асылбек Әбдірайымов пен Жандос Палмановтың мәліметінше, Талғар аудандық соты учаскелік инспектор Е.-ге үкім шығарды.
Ол Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша кінәлі деп танылды:
- 371-баптың 2-бөлігі – "Ауыр зардаптарға әкелген салғырттық";
- 369-баптың 2-1-бөлігі – "Құқық қорғау органының қызметкері жасаған қызметтік жалғандық".
"369-бап бойынша сот 2 жыл 2 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, 371-бап бойынша – 2 жыл 4 ай. Қорытындысында 2 жыл 4 ай бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді, жазаны орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Учаскелік инспектор Е. сот залында қамауға алынды", - деді адвокаттар.
Сонымен қатар, сот оны өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан және лейтенант арнайы атағынан айырды.
Сондай-ақ сот жәбірленушінің азаматтық талабын қанағаттандырып, 3 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өндіріп берді.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Тараптар апелляциялық тәртіппен шағымдана алады.
Учаскелік инспекторға тағылған айып
2025 жылғы 3 қыркүйекте, яғни қайғылы оқиғадан үш күн бұрын, учаскелік инспектор жәбірленушінің шақыруы бойынша барған. Әйелдің айтуынша, сол күні үйіне мылтықпен келген ер адам бұрын оны зорлаған.
Жәбірленуші отбасының адвокаты Жандос Палмановтың айтуынша, инспектор қорғаныс нұсқамасын толтырып, онда жәбірленушінің қолын қолдан жасаған.
"Сараптама қолтаңба жәбірленушінікі емес екенін растады. Сотта айыпталушы Е. оны қолдан жасағанын мойындады", - деді Палманов.
Кейін 2025 жылғы 6 қыркүйекте сол ер адам әйелдің ағасын атып өлтіріп, оның екі жасар қызын кәмелетке толмаған екі сыбайласымен бірге ұрлап кеткен. Кейін арнайы жасақ баланы босатып, анасына тапсырды, ал күдікті ұсталды.
18 наурызда Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты ер адам мен оның сыбайластарына үкім шығарды. Басты айыпталушы 25 жылға бас бостандығынан айырылды, ал кәмелетке толмаған екі сыбайласының әрқайсы 9 жылға сотталды.
Талғардағы трагедия бойынша қанша полицей айыпталып отыр
Бұған дейін Алматы облысының прокуратурасы зорлау күдігімен ұсталып, кейін жәбірленушінің ағасын өлтіріп, оның кішкентай қызын ұрлаған адамды босатқан Талғар аудандық полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғаған.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Жандос Палмановтың мәліметінше, сотқа төрт полиция қызметкеріне қатысты істер жеткен:
- екі учаскелік инспекторға салғырттық пен қызметтік жалғандық бойынша (біреуіне 26 наурызда үкім шығарылды);
- екі тергеуші – қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және әрекетсіздік бойынша айыпталып жатыр.


