Ауырып, ауруханаға жүгінген 20 жастағы қыздың өліміне туыстары қабылдау бөлімінде салынған препарат себеп болуы мүмкін деп күмәнданып отыр
Фото: жасанды интеллект
ERNUR.KZ. Алматы облысы Талғар ауданында ауруханаға өз аяғымен барған 20 жастағы Нигина Жағыпарова бірнеше сағаттан кейін үйінде көз жұмды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Orda.kz ақпарынша, оқиға 10 қаңтар күні таңға жуық болған. Нигина кеудесінің қатты қысқанын айтып, әжесін оятқан. Сағат бестер шамасында екеуі аудандық ауруханаға барған. Онда дәрігерлер бойжеткенді тексеріп, қан талдауы, ЭКГ мен рентген жасаған. Туыстарының айтуынша, барлық көрсеткіш қалыпты таза шыққан. Тек рентген нәтижесі «қолқаға суық тиген» деген болжамды көрсеткен.
«Ол өзінің көкірегі қысып тұрғанын әжесіне айтып, таңғы сағат бестің шамасында ауруханаға барған. Дәрігерлер талдау алып, электрокардиограмма мен рентген жасады. Анализдері таза, ЭКГ-да жақсы. Бірақ рентген қолқа ға суық тигенді көрсеткен. Содан кейін қызға сол жерде, қабылдау бөлмесінде преднизолон және басқа да бір препараттар салды. Бұл ауруды басу үшін екенін айтты»,-деді марқұмның ағасы Рехимжан Мусаров.
Бойжеткеннің ауырғанына қарамастан дәрігерлер оны ауруханаға жатқызбай, үйіне қайтарып жіберген. Бұл шешім туыстарының ашуын тудырды.
«Оларға пульмонолог керек екенін айтқан, алайда бізде ондай нәрсе жоқ. Әжесі екеуі үйге қайтып кейін олар маған хабарласты. Мен оларға қайтадан ауруханаға баруды, дәрігерлермен қызды ауруханаға жатқызу туралы өзім сөйлесетінімді айттым. Пневмониямен ауырып жатқан адамды қалайша жібере салуға болады? Шамалы уақыт болсын, ондай аурумен ауырып тұрған адамға қарайласу керек қой», — деді ол.
Үйге келген соң Нигина қайтадан ауруханаға баруға келісіп, аздап демалып алатынын айтқан. Алайда біраз уақыт өткен соң әжесі оятуға барған кезде бойжеткен қайта оянбаған.
«Кейін маған оның әжесі хабарласып, қызды оятайын десе, ешқандай да реакция жоқ екенін айтты. Мен үйге жедел жәрдеммен бірге кірдім. Үйге кірсем — қыз қайтыс болған»,-деді.
Марқұм әжесімен және ағасының отбасымен бір үйде тұрған. Ата-анасы басқа қалада тұрады. Жеке кондитерлік цехта жұмыс істеп, сәуір айында өтетін тойына дайындалып жүрген. Отбасының айтуынша, бұрын ауыр сырқатпен ауырмаған. Туыстары бойжеткеннің кенеттен қайтыс болуын ауруханада салынған препараттармен байланыстырып отыр.
Ал Талғар орталық аудандық ауруханасының әкімшілігі өз кезегінде науқасқа барлық қажетті медициналық көмек көрсетілгенін мәлімдеді. Медициналық мекеменің хабарлауынша, алдын ала сот-медициналық сараптама нәтижелері өлімге жүрек тампонадасы себеп болғанын көрсеткен. Бұл жағдай қолқа аневризмасының көп қабатты жыртылуы салдарынан дамыған.
Дегенмен, өлімнің нақты себебі сараптама толық аяқталғаннан кейін белгілі болады. Қазіргі уақытта полиция қылмыстық іс қозғап, медицина қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беріп жатыр. Тергеу барысында дәрігерлердің кәсіби міндетін дұрыс атқарған-атқармағаны анықталады.


