Сұлтан Сәрсемәлиевтің ісіне жаңа айыптар қосылды

0
139

Судьяның айтуынша, адам өлтіру эпизодтарына жаңа саралау белгілері енгізілген.


Сұлтан Сәрсемәлиевтің ісіне жаңа айыптар қосылды

Фото: azh.kz

ERNUR.KZ. Атырауда бір отбасының өліміне айыпты деп танылған 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиевке 30 маусымда мемлекеттік айыптаушылар тағылған айыпқа енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды жариялады, деп жазады inbusiness.kz.

Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіру эпизоды бойынша айыпқа Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 13-тармағы – "басқа қылмысты жасыру мақсатында жасалған адам өлтіру" қосылды.

Ал Мейрамгүл Қарабалинаны өлтіру ісі бойынша айып 99-баптың 2-бөлігінің 3 және 10-тармақтарымен толықтырылды.

Тергеу мәліметінше, сал ауруына шалдыққан әрі көру қабілеті бойынша III топ мүгедектігі бар әйел дәрменсіз жағдайда болған және қарсылық көрсете алмаған. Сондай-ақ тергеу оның ата-анасы қаза тапқаннан кейін полицияға жүгінбек болғаны қылмыстың себептерінің бірі болуы мүмкін деп есептейді.

Айыпталушыға әлеуметтік төлемдер мен зейнетақыны заңсыз алу бойынша қосымша айып тағылды. Прокуратураның мәліметінше, бұл әрекеттер Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағы – "ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау арқылы жасалған алаяқтық" бойынша сараланған.

Осылайша, Сұлтан Сәрсемәлиевке жәбірленушілер қайтыс болғаннан кейін есептелген әлеуметтік төлемдер мен зейнетақыны заңсыз алғаны үшін де алаяқтық айыбы тағылды.

Сонымен қатар, бұған дейін малды сату кезіндегі алаяқтық ретінде сараланған эпизод Қылмыстық кодекстің 188-1-бабының 1-бөлігі – "мал ұрлығы" бабына қайта сараланды. Қалған айыптар өзгеріссіз қалды.

Іс материалдарына сәйкес, қылмыс ұзаққа созылған отбасылық жанжал аясында жасалған болуы мүмкін.

Марқұмдардың туыстары айыпталушыдан 70 миллион теңге көлемінде моральдық және материалдық шығын өндіруді сұрады. Олардың айтуынша, бұл сома бір отбасының бірден 4 мүшесінен айырылуына байланысты белгіленген.