Су есептегіштерді "ақылды" су есептегіштерге ауыстыру міндетті ме? Қазақстандықтар не білуі керек

0
166

2026-2028 жылдары Қазақстан бойынша 3,6 миллионнан астам "ақылды" су есептегіштер орнатылмақ.


Су есептегіштерді

ERNUR.KZ. Қазақстандықтар әлі жүйеленбеген "ақылды" су есептегіштерді жаппай орнатуға міндеттеп жатқанын айтып, шағымданды. Сондай-ақ тұрғындар құрылғыларың бағасы зейнеткерлер мен аз қамтылған отбасылар үшін тым қымбат екенін алға тартты, деп жазады stan.kz.

Әлеуметтік желі қолданушысы “ақылды” су есептегіштер туралы жақында естіген. Ол әлі бір арнаға жүйеленбеген есептегіштерді не себепті жаппай үйлерге орнатуға міндеттеп жатқанын түсінбей дал.

“Қазір судың көрсеткіштерін қашықтан жіберетін жаңа су есептегіштерін орнату қажет болып жатыр. Мұндай бір есептегіштің бағасы шамамен 50 мың теңге. Ыстық және суық су үшін кемінде 2 құрылғы қажет. Ал кейбір үйлерде су құбыры жүйесінің ерекшеліктеріне байланысты 3 немесе 4 есептегіш орнатуға тура келеді. Менің анама да осындай есептегіштер орнату қажет. Оның зейнетақысы – 124 мың теңге. Бұл қаншалықты дұрыс? Тұрғындардың айтуынша, "Астана Су Арнасы" мекемесінде бұл есептегіштердің қашықтан жіберетін мәліметтерін қабылдауға техникалық мүмкіндік жоқ. Яғни, халықтан осындай есептегіштерді орнатуды талап етеді, бірақ қаланың өзі олардың деректерін қашықтан қабылдай алмайды. Олардың батареяларын әр бес жыл сайын ауыстыру қажет. Ал ол батареялар арнайылап алынады әрі қымбат тұрады. Бұдан бөлек, мұндай су есептегіштерін мерзім сайын міндетті түрде тексеруден өткізу керек”, – деп жазды автор.

Авторды қолдап, жаңашылдыққа қарсы шыққандар да бар.

“Бұдан зардап шегетіндер – зейнеткерлер, жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар. Бұл жаңашылдықты енгізгендерге сұрақ көп. Неге су арнасы қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп, бақылаушыларды ұстауға кететін шығынды азайтатын есептегіштердің құнын тұтынушылар өз қалтасынан төлеуі керек”, “Тарифтер өсіп жатыр, есептегіштерді ауыстыру керек. Ал айлық пен зейнетақыны өсіре ме?”, “Әкімдік, прокуратура, монополияға қарсы орган қайда қарап отыр? Бұл норманың қабылдануына біреу мүдделі болып, белгілі бір өндірушінің есептегіштерін монополиялық түрде міндеттеп, одан пайда тауып отырған жоқ па? Ал мұның бәріне қарапайым халықтың қаражаты кетіп жатыр”, – деп жарыса жазды желідегілер.

Осы тұста Stan.kz редакциясы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне ресми сұрау жолдап, халықтың шағымын жеткізді. Министрлік құрылғының мақсатын түсіндіріп, аз қамтылған отбасылар мен зейнеткерлердің қаржылық жағдайы ескерілгенін мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, қашықтан деректер беретін аспаптарды енгізу – коммуналдық және энергетикалық секторларды цифрландыру жөніндегі мемлекеттік саясаттың бөлігі. Министрлік жүргізген табиғи монополия субъектілерін талдау нәтижесінде ел бойынша шамамен 3,6 миллион су есептегішін орнату қажет деп тапты.

“Ақылды” есептегіштер мақсаты мен артықшылығы?

Министрліктің мәліметінше, енді республика бойынша су есептегіш құралдары үшін деректерді сымсыз беру технологиясының базалық стандарты ретінде NB-IoT және LoRaWAN технологиялары белгіленді. Жаңа есептегіштер деректерді автоматты түрде ақпараттық жүйелерге жіберіп, "Smart Turmys" ТКШ бірыңғай цифрлық платформасымен екіжақты байланыс орнатуы тиіс.

Сондай-ақ сумен жабдықтаушы ұйым ақпараттық-өлшеу жүйесін есептегіштермен бірге алады және жүйедегі деректер базасын қосымша ақысыз пайдаланады. Жаңа есептегіштер қашықтан басқарылатын автоматты су жабу клапанымен жабдықталады, алайда оны тек уәкілетті қызметкерлер заңнамаға сәйкес қолдана алады.

Министрлік жұмыс істеп тұрған есептегіш құралдарды міндетті түрде ауыстыру талап етілмейтінін атап өтті. Олар пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін қолданыла береді. Жаңа талаптар тек жаңа есептегішті алғаш орнатуға немесе істен шыққан құралды ауыстыруға қатысты. Сонымен қатар электрондық есептегіш құралдарды өндірушілер кемінде бес жыл кепілдік беруге міндетті.

“Қашықтан деректер беру талабы тек жаңа аспаптарды орнату немесе бұзылған аспаптарды ауыстыру кезінде ғана қолданылады – жарамды ескі есептегіштер мерзімінен бұрын ауыстырылмайды. Коммуналдық деректерді орталықтандырып жинау жұмыстары "Smart Turmys" тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың Ұлттық цифрлық платформасы шеңберінде кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Платформаның алғашқы модульдерін іске қосу 2026 жылға жоспарланған. Жүйе су арналары мен есеп-айырысу орталықтарының техникалық дайындығына қарай біртіндеп кеңейтіледі”, – делінген министрлік жауабында.

Сондай-ақ министрлік өкілдері “деректерді қабылдау жүйесі толық іске қосылмаған” деген ақпаратты жоққа шығарды. Олардың дерегінше, қашықтан деректерді жинау жүйелерін бүгінде бірқатар су арналары қолданады.

Сонымен қатар “Алматы Су” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны көрсеткіштерді есептеу құралдарынан 2018 жылдан бері қабылдап келе жатқанын мәлімдеді.

Құрылғының бағасы қанша және ол қаншалықты жиі ауысады?

Ведомствоның дерегінше, “ақылды" есептегіштердің орташа есептік құны бір есептегіш үшін орта есеппен – 38 000 теңге. Нақты баға өндіруші мен модельге байланысты өзгеруі мүмкін. Ал орнату құны жеке белгіленеді және су беруші ұйыммен келісіледі.

“Қажетті есептегіштер саны үйдегі су құбырының кіріс нүктелерінің санына байланысты. Әдетте бір кіріске бір есептегіш орнатылады. Көп жағдайда пәтерге салқын және ыстық су бойынша екі есептегіш қажет болады. Екеуден көп есептегіш су құбырының бөлек кірістері болған жағдайда орнатылады. Мысалы, салқын және ыстық судың бірнеше тарату нүктесі болса немесе тұрғын үй мен жеке коммерциялық үй-жайдың су құбыры бөлек болса 2-ден көп құрылғы орнату керек. Аспаптардың батарея қуаты әдетте бірнеше жылға есептелген және көп жағдайда есептегіштің қызмет ету мерзіміне сәйкес келеді. Өндірушілерге зияткерлік есептегіштерге кемінде 5 жыл кепілдік беру міндеттелген. Кепілдік мерзімі ішінде аспап істен шықса, оны жөндеу немесе ауыстыру өндіруші есебінен жүзеге асырылады. Жарамды аспап мерзімінен бұрын ауыстыруды талап етпейді”, – деп министрлік әр үйге орнатылу қажет құрылғының санын атады.

“Алматы Су” кәсіпорны да құрылғының бағасы оның моделіне, техникалық сипаттамаларына және шығарылған еліне байланысты нарықтық негізде бекітілетінін атап өтті. Ал монтаждау жұмыстарының құны монтаждауды таңдау ережелерінде бекітілген техникалық талаптар мен регламенттерге сәйкес, қызмет көрсететін мамандандырылған ұйымдардың тарифтері бойынша анықталады.

Ведомство “ақылды” есептегіштердің 5 жыл сайын тексеруден өтетінін атап өтті. Су есептегіштері Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес белгіленген мерзімде салыстырып тексеруден өтеді. Салыстырып тексеру аралығы аспаптың түрі мен техникалық сипаттамаларына байланысты белгіленеді.

“Ақылды” есептегіштерді әлеуметтік осал топтың қалтасы көтере ме?

“Ақылды” есептегіштер туралы заң қабылданған кезде зейнеткерлер мен аз қамтылған отбасылардың қаржылық мүмкіндігі ескерілген дейді министрлік өкілдері. Халықтың шағымы мен алаңдаушылық білдіруі де заңдылық деп отыр.

“Әлеуметтік осал топтар үшін есептегіштерді ауыстыру елеулі қаржылық жүк болуы мүмкін екені ескеріледі. Осыған байланысты республикалық деңгейде әлеуметтік осал топтарға арналған атаулы әлеуметтік көмек пысықталып жатыр. Бүгінде жекелеген коммуналдық кәсіпорындарда қолдау шаралары бар. Мысалы, тұтынушы қаржылық себептермен есептегіш орната алмайтыны туралы өтініш жасаған жағдайда "Астана су арнасы" оның әлеуметтік жағдайын қарап, негіз болса жеке тәртіпке сай көмектеседі”, – деп мәлімдеді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.

“Ақылды” есептегіштерді жеткізушілер кімдер?

Есептегіштердің жеткізушілері – белгіленген техникалық талаптарға сай және Қазақстан аумағында тіркелген өндірушілер. Яғни, отандық өндірушілерге басымдық беріледі. Мысалы, ЖСШ "Сайман" Астана қаласында барлық өңірлерден жабдықты қабылдайтын сервистік орталық ашқан. Құрылғылардың тізілімі бекітілген техникалық стандарттарға сәйкес қалыптастырылады.

Ведомствоның дерегінше, “ақылды” есептегіштер арқылы қашықтан есепке алу жүйелері Еуропалық одақ елдерінде, Оңтүстік Кореяда, Сингапурде және басқа да дамыған елдерде кеңінен қолданылады. Олар су шығынын азайтуға, апаттар мен ағып кетулерді жедел анықтауға және ресурстарды нақты есепке алуға мүмкіндік береді. Осыған ұқсас жұмыстар су саласымен қатар электр энергетикасында да жүргізіледі.

Сондай-ақ Еуропалық қоршаған ортаны қорғау агенттігі: Еуропа елдеріндегі су ресурстарын тиімді пайдалану және "ақылды" есептегіштерді енгізу нәтижелері туралы арнайы баяндамалары мен есептерінде, атап айтқанда су ресурстарын басқару және үнемдеу технологиялары туралы бөлімдерінде осындай 15-20% төмендеу көрсеткіштері жиі келтірілген.