Оның құрылысына 173 млн теңге бөлінген.
ERNUR.KZ. Степногорск қаласында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаржысына салынған ангарлық үлгідегі «Айбын» спорт залы салтанатты түрде ашылды. Оның құрылысына 173 млн теңге бөлініп, бар болғаны бір жылдың ішінде аяқталды. Жаңа кешен қаланың спорттық инфрақұрылымын толықтыра түсті, деп хабарлайды Ақмола облысының әкімдігі.
Спорт кешені спортпен шұғылданғысы келетіндердің барлығына есігін айқара ашты. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қала тұрғындарын құттықтап, мұндай жобалар бұқаралық спорттың дамуына үлкен серпін беретінін атап өтті.
«Қазіргі уақытта өңірде спорт сарайлары мен дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін қоса алғанда 10 ірі спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Бүгін ашылып отырған тез салынатын спорт кешені осы жүйенің маңызды бөлігіне айналады. Мұндай нысандарды салу – тек инфрақұрылымды дамыту емес, бұл – жастарымыздың болашағына салынған инвестиция. Сенемін, бұл кешен жаттығулар мен жарыстар өтетін орын ғана емес, салауатты өмір салтын қолдайтындардың шынайы тартылыс орталығына айналады», – деді аймақ басшысы.
Үш жарым жыл бұрын құрылған «Қазақстан халқына» қоры Ақмола облысында 12,8 млрд теңге сомасына 26 қайырымдылық бағдарламасын жүзеге асырды. Өңір денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қолдау, мәдениет пен спорт салаларын қамтитын бірлескен жобалардың саны бойынша көш бастады. Әсіресе спорттық бастамаларға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Мысалы, облыста «QH Ақмола облысы аудандарында шаңғы спортын дамыту. «Лыжня в село» жобасы» сәтті жүзеге асырылды. Қордың қолдауы арқасында мектептер кәсіби және әуесқой шаңғы спортына арналған жабдықтармен қамтамасыз етілді. Оның ішінде шаңғы, аяқ киім, бекіткіштер, таяқтар және роликті шаңғылар бар.
«Жобаның сәтті іске асуы оның ауқымын кеңейтуге мүмкіндік берді, біздің қаржыландыруымызбен облыстағы барлық балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері кәсіби және әуесқой шаңғы құралдарымен жабдықталды. Қайырымдылық жобасының екі кезеңінде жалпы құны шамамен 160 млн теңгеге 1,5 мыңға жуық түрлі деңгейдегі спортшы қамтылды», – деді қор өкілі Бауржан Оразғалиев.
Сондай-ақ Степногорск қаласындағы №3 арнайы мектеп-интернаты қолдау тапты. Онда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 158 бала оқиды. 2023 жылы оқу орны 33 млн теңге грант ұтып алып, ол қаражат оқу кабинеттерін жабдықтауға жұмсалды.
«Мектепте барлық орындар толығымен қамтылған, интернатта өзге елді мекендерден келген 27 бала тұрады. Бізде 22 сынып бар, оқу екі тілде жүргізіледі. «Қазақстан халқына» қорының арқасында біз 10 кабинетті, оның ішінде бастауыш сынып кабинеттерін, шеберханаларды және география кабинетінің жабдықтарын алдық. Енді балаларымыз заманауи парталарда оқиды, интерактивті тақталар мен жаңа құралдарды пайдаланады», – деді мектеп директоры Шолпан Таурбаева.
Білім беру мен спорттық бастамалардан бөлек, ұйым аймақ тұрғындарына да қолдау көрсетеді. Оның көмегімен ауыр науқастарға көмек беріліп, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығайтылады, оңалту орталықтары ашылып, студенттерге гранттар ұсынылады.
Степногорск қаласында жүзеге асқан жобалардың мысалы «Қазақстан халқына» қорының қызметі кешенді сипатқа ие екенін және халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталғанын көрсетіп отыр.