СҚО әкімі Петропавл іргесіндегі су басқан аумақты қайықпен аралады

0
155

Бұған дейін Петропавлға су тасқынының үшінші толқыны келе жатқаны хабарланды.


СҚО әкімі Петропавл іргесіндегі су басқан аумақты қайықпен аралады

Фото: instagram.com/gaueznurmukhambetov

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл іргесіндегі Заречный ауылын қайықпен аралады, елді мекенді биыл да су басты, - деп жазады tengrinews.kz.

Бұл туралы ол әлеуметтік желіде жазды.

"Қайықпен Есіл өзені жайылмасында орналасқан және жыл сайын су тасқынына ұшырайтын Заречный кентіне бардым. Қазір жағдай тұрақты, су тұрғын үйлерге кірген жоқ", - деді ол.

Оқиға орнында қалалық әкімдік, құтқарушылар мен полиция қызмет атқарып жатыр, тәулік бойы кезекшілік бар, қорғаныс бөгеттері нығайтылған. Барлығы 200 адам жұмылдырылған.

"Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қолдау көрсету бойынша барлық қажет шара қабылданып жатыр. Қызметкерлердің жанқиярлық еңбегі үшін алғысымды білдіремін", - деп жазды әкім.


Өңір әкімнің айтуынша, Заречный тұрғындарымен де кездескен.

"Мәселе жүйелі сипатқа ие екенін түсіне отырып, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру туралы шешім қабылданғаны белгілі. Қазір екі көпқабатты үйдің құрылысы басталды, бұл үйлерге Заречныйдан көшірілетін отбасылар қоныстанады. Құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүріп жатыр және жыл соңына дейін адамдар жаңа жайлы баспанаға ие болады", - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Петропавлға су тасқынының үшінші толқыны келе жатқаны хабарланды. Ресми мәліметтерге сәйкес су тасқынының шарықтау шегі 28-30 сәуірде болады делінді.

Өткен аптада әкімдік отырысында СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірдегі су тасқыны жағдайы туралы айтты. Облыс әкімінің сөзінше, биыл Сергеев су қоймасында алғаш рет үшінші толқын байқалып отыр.

Оған қоса бұған дейін өңір әкімі Ойқала мен Былғары кентіндегі, Қызылжар ауданының Тепличное және Прибрежное ауылдарындағы жағдай ерекше бақылауда екенін мәлімдеген еді.