Шығыс Қазақстанда құтқарушы пышақ жарақатынан көз жұмды: Туыстары істің жұмбақ болып отырғанын айтады

0
153

​Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында 42 жастағы құтқарушы көз жұмды.


Шығыс Қазақстанда құтқарушы пышақ жарақатынан көз жұмды: Туыстары істің жұмбақ болып отырғанын айтады

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Қара жамылған отбасы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қылмысты жасыруға тырысты деп отыр, деп жазады stan.kz.

Өрт сөндіру бөлімінде пышақ жарақатын алған Тілек Ескендір ауруханада қайтыс болған. Жақындарының айтуынша, қансыраған сержантты ауруханаға қызметтік көлікпен жеткізіп, бейнебақылау камераларын көрсетпей отыр. Марқұмның жақындары қайғылы жағдай болған күні не болғанын білгісі келеді.

Тілек Ескендір алтыншы қаңтарда әдеттегідей кезекшілікке түскен. Жұбайы таңертең 42 жастағы жолдасының пышақталғанын естіп, ауруханаға алып-ұшып жеткенін айтады. Бірақ келіншек түн ішінде жарақат алған азаматты әріптестерінің жедел жәрдем шақырмай ауруханаға қызметтік көлікпен жеткізгенін қызметтестері қанды қылмысты жақындарына айтуға да асықпады деп ашынады.

“Маған бірақ 7 күні таңертең сағат 8:40-та бірақ айтты. Операция жасалғаннан кейін. Оқиға туралы неге мен ең соңынан білуім керек. Барлығы жұмбақ. Жауап алу хаттамаларынан жарақаттың дәл қай жерде болғаны түсініксіз. Өрт сөндіру бөлімінің бейнебақылау камералары неге дәл сол күні жұмыс жасамады? Менің жұбайымды ең бірінші болып кім тапты? Оны ауруханаға апаруға кім бұйрық берді”, – дейді әйел көкейде жауапсыз қалып қойған сауалдарды қайталап.

Айтуынша, оқиға куәгерлерін де таппаған. Сөзіне сенсек, Катонқарағай ауданындағы өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері шындықты жасырып отыр. Сондықтан тоғыз айға созылған істің ақ-қарасының ажырағанын қалайды.

“Әділдік талап етемін! Тергеу әрекетінің әділ болғанын қалаймын. Және де барлық бұл іске қатысты тұлғалар өздерінің әділ жауап бергендерін сұраймын”, – дейді жесір қалған әйел.

Полиция "денсаулыққа ауыр зиян келтіріп, абайсызда адам өліміне әкеп соғу" бабы бойынша қылмыстық істі тергеп сотқа жолдаған екен. Күдікті қазір қамауда отыр.

Облыстық полиция жәбірленушінің өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын салу бабымен күдікті тұлғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілгенін мәлімдеді. Қылмыстық іс жан-жақты тергеліп, Катонқарағай аудандық сотына жіберілген.

Азаматынан айырылған отбасы қылмыс өрт сөндіру бөлімінің ішінде болғанына сенімді және атпалдай азаматқа әріптесі суық қару сұққан болуы мүмкін дейді. Айта кетейік, Тілек Ескендірдің бұл салада еңбек еткеніне 21 жыл болған. Марқұмның артында боздап әйелі мен 12 жастағы ұлы және 2 жасар қызы қалды.