Президент жетім балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын күшейтетін заңға қол қойды

0
37

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.


Президент жетім балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын күшейтетін заңға қол қойды

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды, деп жазады inbusiness.kz.


Аталған Заң арқылы Жер, Бюджет, Кәсіпкерлік, "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы", "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекстерге, сондай-ақ "Қазақстан Республикасындағы тiл туралы", "Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы", "Мәдениет туралы", "Білім туралы" және "Педагог мәртебесі туралы" заңдарға өзгерістер енгізілді.

Түзетулердің бірінші блогы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғаудың құқықтық тетіктерін күшейтеді.

Баланы асырап алу және кәмелетке толмағандарға қамқоршылықты немесе қорғаншылықты тағайындау барысында баланың туыстарына, ал олар болмаған жағдайда некеде тұрған адамдарға басым құқық беріледі.

Түзетулердің екінші блогына сәйкес, балалардың тамақтануына, тұрғын үйіне, медициналық көмегіне, білім алуына, тәрбиесіне және оларды сауықтыруға мемлекет бюджеті есебінен қаржы бөлінетін субъектілерге (объектілерге) қатысты мемлекеттің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мен қадағалау тәртібі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекстің, сондай-ақ "Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы" Заңның аясында реттелетін салаға жатқызылады. Сәйкесінше тиісті нормалар Кәсіпкерлік кодекстен алынып тасталады.

Түзетулердің үшінші блогы білім беру саласындағы кейбір түйткілді мәселелерді шешеді.

Бұдан былай техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары Оқу-ағарту министрлігі бекітетін, осындай ұйымдар қызметінің жетістіктерін рейтингтік көрсеткіштерге сай бағалау әдістемесіне және оларды саралау қағидаларына сүйене отырып сараланады. Ал жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының саралануы Ғылым және жоғары білім министрлігі бекітетін бағалау әдістемесі мен қағидаларына негізделеді.

Түзетулердің төртінші блогы мәдениет саласындағы бірқатар мәселені шешуге бағытталған.

Концерт өткізу кезінде фонограмма пайдалануға тыйым салынады (Бұл ереженің телевизиялық жазбаларға, концерт өткізуге арнайы бейімделмеген және арналмаған орындарға қатысы жоқ). Сондай-ақ авторлық құқық объектісі саналатын шығармаларды масс-медиада немесе онлайн-платформаларда жария түрде пайдаланған кез келген жағдайда авторды (авторларды) көрсету міндетті.

Кітапхана қорын байыту және сақтау шараларын қабылдау бұдан былай жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді.

Заң мәтіні баспасөзде жарияланады.