Президент VEON компаниялар тобының бас атқарушы директоры Мухтерем Каан Терзиоглуды қабылдады

0
65

Мемлекет басшысы компанияның бағыт-бағдарын құптап, еліміз инвесторларға қолайлы жағдай жасауға және өзара тиімді серіктестік қатынастарды нығайтуға әрдайым бейіл екенін растады.


Президент VEON компаниялар тобының бас атқарушы директоры Мухтерем Каан Терзиоглуды қабылдады

ERNUR.KZ. Кездесу барысында цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын енгізу мақсаттарына сай телекоммуникация нарығын дамыту перспективасы талқыланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда ұзақ жылдан бері қызмет етіп келе жатқан VEON компаниясының отандық телекоммуникацияны және цифрлық экожүйені өркендетуге қосқан үлесін жоғары бағалады.

Президент жасанды интеллект еліміздегі цифрлық трансформацияның жаңа кезеңінде экономикалық өсімнің басты факторына айналғанына назар аударды.

Осы орайда, Қасым-Жомарт Тоқаев VEON компаниясының басшылығын заманауи есептеу жүйесі нысандарын салу және «бұлтты» сервистерді дамыту ісіне белсенді үлес қосуға шақырды.

Мухтерем Каан Терзиоглу компанияның озық телекоммуникация технологияларын енгізу және халықтың цифрлық қызметтерге қолжетімділігін арттыру жоспарын таныстырды. VEON алдағы үш жылда бизнесін екі есе ұлғайтып, еліміздің экономикасына тағы бір миллиард доллар инвестиция құюға ниетті. Инвестор «Цифрлық Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыруға аса қызығушылық танытты. Бұдан бөлек, Beeline Kazakhstan Астана қаласында Деректерді өңдеу орталығын салу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Мемлекет басшысы компанияның бағыт-бағдарын құптап, еліміз инвесторларға қолайлы жағдай жасауға және өзара тиімді серіктестік қатынастарды нығайтуға әрдайым бейіл екенін растады.