Мұндағы мақсат – тарихи-мәдени мұраны сақтау, қоғамда экологиялық және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы Халықаралық еріктілер жылының ашылуына арналған волонтерлер форумында бірқатар тапсырма берген болатын. Соның бірі де бірегейі – ел аумағындағы мәдени мұраларды қорғау және дамыту. Ізін ала Президент пәрменіне сәйкес, елімізде «Мәдени мұраны бірге сақтайық» атты республикалық акция бастау алды. Бұл науқанға ел азаматтарымен қатар, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының 30 жылдығына орай және «Madenietti Mura» жобасы аясында Қазақстанның Азаматтық Альянсы да өзіндік үлестерін қосып, ерекше еңбек сіңіріп келеді. Мұндағы мақсат – тарихи-мәдени мұраны сақтау, қоғамда экологиялық және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру.
Осы орайда күні бүгін Түркістан қаласы аумағындағы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының балансындағы «Гаухар ана» кесенесі аумағында абаттандыру және тазалау жұмыстары жүргізілді. Аталмыш акцияға музей-қорық қызметкерлерімен қатар, Түркістан облысының Азаматтық Альянсы, Түркістан облысы Іскер әйелдер қауымдастығы және өзге де үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, еріктілер атсалысты.
Түркістан облысының «Азаматтық Альянс» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінің президенті, облыстық мәслихат депутаты Инара Намазбаеваның айтуынша, игілікті бастама Мемлекет басшысының «Тазару күні» бастамасының да жалғасы ретінде ұйымдастырылған.
«Ерекше мәртебесі бар еліміздің рухани-мәдени астанасы Түркістанда орналасқан Гаухар ана кесенесі тұтас Қазақстандағы қасиетті орындардың бірі. Бұл ғасырларға куә болған ерекше мәдени-тарихи жәдігер ғана емес, қазақ халқының текті қызына деген ыстық ықыласының белгісі деп ойлаймын. Біздің келешек ұрпағымыз бұл кесенені ғана емес, Гаухар ананың кім болғанын білуі тиіс. Осы ретте ол сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың жалғыз қызы, білімі өте жоғары, ел арасында сыйлы болған, бар ғұмырын айналасына көмектесуге арнаған тұлға екенін атап өткім келеді. Құдай тұла бойына қасиет дарытып, қолы тиген адамның дертіне шипа тапқан ол бүгінде барша түркі халқының тәу ететін анасындай. Бүгінгі іс-шара барысында Түркістан облысы Іскер әйелдер қауымдастығы мүшелерінің қолдауымен Гаухар ана кесенесі аумағында жүз түп жеміс ағашы, отыз түп шырша ағашы және жүз түп раушан гүлі отырғызылды. Қазіргі таңда тарихи және мәдени мұраларымызды қорғау және сақтау күн тәртібінен түспейтін мәселе болып саналады. Сәйкесінше, осындай акциялар түрлі сала өкілдері, волонтерлер, үкіметтік емес ұйымдар мүшелері мен тұрғындарды осы мақсатқа біріктіретін бастама деп ойлаймын», - деді ол өз сөзінде.
Ұйымдастырушылардың атуынша, мәдени мұралардың аумағын абаттандыру, көгалдандыру және тазалығын сақтау жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса бермек. Осылайша, ел азаматтарының тарихи жәдігерлерге деген құрметі мен жауапкершілігі арттып, экологиялық мәдениеті көтеріле түседі деп көзделіп отыр.
Осы ретте жуырда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен, қазақстандықтардың қолдаумен қабылданған жаңа Конституцияда тарихи-мәдени мұраларды сақтау, қорғау және дамыту мемлекеттік деңгейдегі басым бағыттардың бірі ретінде бекітілді. Демек, ендігі кезекте Қазақстанның мәдени байлығын қорғау және сақтау әрбір адамның азаматтық парызы ғана емес, заң жүзіндегі міндетіне айналады. Тиісінше, мемлекет билігі тарапынан да, тұрғындар тарапынан да ұлттық құндылықтарымызға деген ұқыптылық деңгейі көтеріледі деген сенім мол. Сондай-ақ, жаңа Ата Заңда мәдени мұра мен білім-ғылым саласы арасындағы байланысты нығайту жолдары қаралған. Нақтырақ айтсақ, алдағы уақытта мәдени мұрамыз тұлға болып қалыптасуға қажетті рухани байлық қана емес, білім беру ісінің негізгі тірегіне айналып, мемлекет тарапынан көп қолдау табатын болады. Осылайша, елімізде қазақ халқының мол мәдени мұрасын болашаққа қаз қалпында жеткізу миссиясы орындала бермек.
Сондай-ақ, конституциялық реформалар аясында тарихи-мәдени жәдігерлер топтастырылған қорық-музейлерді қорғау және қолдау тетіктері де өзгерді. Яғни, жаңа белеске көтерілді десе болатындай. «Ол қалай?» деген сауалға толығырақ жауап беріп көрелік.
Қазақстан Үкіметі ИСЕСКО және ЮНЕСКО шеңберінде тарихи-мәдени жәдігерлерді қорғап, қолдауға арналған жаңа жұмыс жоспарын қабылдады. Ауқымы кең жоспарда дүниежүзі қызығушылық татытатын және маңызы басым нысандарды қадағалау жүйесін күшейту, тарихи нысандар аумағындағы өзге де құрылыстарды талапқа сай жүргізуді қамтамасыз ету сынды маңызды мәселелер бар. Сонымен қатар, ел Президентінің қол қоюымен қабылданған жаңа заңда мұндай нысандарды түрлі салдардан қорғау тәртібі күшейтілді. Күшейтілген тәртіпке сәйкес, ендігі кезекте кез келген жер телімін бөлу процесінде тарихи-мәдени сараптама міндетті түрде ескерілетін болады.
Сонымен қатар, өткен жылдан бастап тарихи-мәдени жәдігерлерді есепке қою және археологиялық іс-шараларға арналған ақпарат порталы жұмысын бастады. Бұл жүйе барлық археологиялық жұмыстар мен мәдени мұраның ашық болуына мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Қазақстан мәдени мұраларды қалпына келтіру ісімен шұғылданатын ИККРОМ (International Centre for the Study of the Preservation and Restoration of Cultural Property) халықаралық үкіметаралық ұйымына мүше атануды көздеп отыр. Бұл ұйым тарихи-мәдени жәдігерлерді қайта қалпына келтіру және жаңғырту ісіне әлемдегі ең озық құрал-жабдықтарды пайдалануға жол ашады. Сонымен бірге, алдағы уақытта әр ыл сайын ең аз дегенде отыз маман ЮНЕСКО жобалары аясында білім-білігін көтеріп отырмақ. Тәжірибесін толыстырған мамандар тарихи мұраны сақтау, қорғау және дамыту ісіне атсалысады.
Жалпы, елімізде мәдени-тарихи мұраны сақтау ісі мемлекет саясатының негізгі бағытына айналды. Осы ретте, жәдігерлерді қорғау, дамыту, реставрациялау және дәріптеу жұмыстары халықаралық үкіметаралық ұйымдармен бірлесе атқарылатын болады.
Б.Мейірханұлы,


