Петропавлдағы «балта ұстаған маньяк» 25 жылдан кейін бостандыққа шығып, бір әйелді зорлап кете жаздаған

0
114

​Ол кішкентай қызды аяусыз өлтіріп, әйелдерді тонап, зорлағаны үшін 25 жыл түрмеде отырған еді.


Петропавлдағы «балта ұстаған маньяк» 25 жылдан кейін бостандыққа шығып, бір әйелді зорлап кете жаздаған

Фото: ЖИ

ERNUR.KZ. Бүкіл Петропавлды үрейде ұстаған «балталы маньяк» Валерий Кричиневский 25 жыл түрмеде отырып, шыққан бойда тағы бір әйелді зорламақ болды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

1998 жылы 19 желтоқсанда Петропавлдағы орманнан бірінші сыныпта оқитын қыздың денесі табылған еді. Баланы қылмыскер 13 рет пышақтап өлтірген. Кейін осы қылмысты жасаған Валерий Кричиневский ұсталды.

Валерий Кричиневский 1990 жылдары қолына балтасын алып, әйелдерді жүйелі түрде зорлап, тонап отырған. Сол себепті «балталы маньяк» атанған. Ол құрбандарының алтын әшекейлерін, қымбат бас киімдерін әйеліне сыйлыққа беретін. Ал өзі аяусыз өлтірген қыздың тонынан үйге киетін аяқ киім, жұмсақ ойыншық тіккен.

1999 жылы оған әйелдерді зорлау, тонау, баланы өлтіру қылмыстарын қосқанда 25 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 2024 жылы Кричиневский түрмеден босап шыққан. Қоғамға қауіпті адам болғандықтан сақшылар оны күні-түні бақылауда ұстап керек еді. Алайда Кричиневскийге бұл кедергі болмады.

Ол 2026 жылы 19 маусымда орман алқабында велосипедпен келе жатқан әйелді алдап тоқтатқан. Оның велосипедін бір қолымен ұстап, екінші қолымен тамағына шап беріп, қысып ұстаған. Сүйтіп арам ниетін жүзеге асырмақ болады. Ол жәбірленушіні «өлтіремін» деп қорқытып, орманға қарай жүруді бұйырған. Сол сәтте оларды өзге ер адам көріп қалады. Кричиневский шошып кетіп, әйелді босатқан. Жәбірленуші тасжолға қарай қашып шығып, көлік тоқтатып, полиция шақырып үлгереді.

Көп уақыт өтпей «маньяк» қолға түсті. Петропавл қалалық сотында оған қатысты жыныстық сипаттағы зорлық әрекеттерін жасауға оқталу, яғни өлтіру қатерімен ұштасқан жыныстық сипаттағы өзге де әрекеттер жасауға оқталу фактісі бойынша ҚК 24-бабы 3-бөлігі – 121-бабы 2-бөлігінің 2) тармағымен қылмыстық іс қаралды.

Прокурор Валерий Кричиневскийге 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ол кінәсін мойындамады. Кричиневскийдің адвокаты болса, ер адамның әрекеттерінде «қылмыстық құқық бұзушылық құрам жоқ» деп ақтауды сұраған.

Сот Валерий Кричиневскийдің бұрын сотталғаны және қылмысты қайта жасағанын ескеріп, 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол қылмыстық-атқару жүйесінің ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтейді. Енді петропавлдық «балталы маньяк» тірі болса 71 жасында түрмеден шығады.