Науқасқа шұғыл ота жасалған.
ERNUR.KZ. Петропавлда 66 жастағы ер адам тамақ ішіп отырып жылқы етінің өткір сүйек сынығын жұтып қойғаннан кейін шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді, деп жазады baq.kz.
Ол төс тұсының, мойын аймағының ауырсынуына және жүрек айнуына шағымданып, көпсалалы қалалық ауруханаға жүгінген. Науқастың айтуынша, алғашында жайсыздық өздігінен басылар деп ойлаған, алайда ауырсыну күшейе түскен.
Тексеруден кейін шұғыл түрде эндоскопист дәрігер Константин Зырянов шақырылған.
Қарау барысында сүйектің ұстарадай өткір екені, өңештің шырышты қабығына екі жағынан кіріп кеткені анықталды. Жергілікті жансыздандырумен оны алу мүмкін болмады. Науқас операциялық бөлімге ауыстырылып, жалпы наркозбен, техникалық тұрғыда айтарлықтай қиындықтармен бөгде зат алынды, - деп мәлімдеді медициналық мекеме.
Қазір ер адам хирургия бөлімінде жатыр. Жағдайы тұрақты, орташа ауырлық дәрежесінде деп бағаланып отыр. Дәрігерлер оның сауығу барысын бақылауда ұстап отыр.
Мамандардың айтуынша, отаға дейін де, ота кезінде де науқастың өміріне қауіп болған. Мұндай жағдайларда әр әрекет аса дәлдікті талап етеді, өйткені кез келген асқыну ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
Дәрігерлер тамақ ішкенде асықпай, әсіресе сүйегі бар тағамдарды мұқият шайнау қажеттігін ескертеді. Кеуде мен мойын тұсында бір нәрсе тұрып қалғандай сезім, ауырсыну не жайсыздық пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгіну керек.


