Павлодар облысында қатты боран бір адамның өмірін жалмады

0
137

Ал 107 тұрғын уақытылы құтқарылды.


Павлодар облысында қатты боран бір адамның өмірін жалмады

Фото: ТЖД баспасөз қызметі

ERNUR.KZ. Кеше Павлодар облысында ауа райы күрт өзгеріп, қатты жел мен боран соқты. Облыс аумағындағы барлық деңгейдегі жолдар жабылып, төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеді, деп жазады inbusiness.kz.

Өкінішке қарай, қатты боран салдарынан бір адам қайтыс болды. Кеше сағат 14.00 шамасында 1980 жылы туған азамат Баянауыл ауданы Майкөбе ауылынан 10 шақырым жерде орналасқан фермадан мал қарауға атпен шығып, сол күйі табылмаған. Шаруа қожалығы қызметкерінің денесі бүгін ғана фермадан екі шақырым қашықтықтан табылды.

Жалпы, Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері бір тәулік ішінде 107 адамды аман алып қалды. Құтқарушылардың үйлесімді және жедел іс-қимылдарының арқасында 6 бала мен 62 адам эвакуацияланды. Жылыту пункттеріне 195 адам орналастырылды.

Бұл ретте құтқарушылардың кәсібилігі мен жедел әрекет етуін атап өту керек. Мәселен, түк көрінбейтін қатты боран кезінде азаматтық қорғау лейтенанты Қайрат Мусинов Ақтоғай ауданынан Павлодар қаласына көлік қозғалысының қауіпсіз бағытын көрсете отырып, 10 көліктен тұратын автоколоннаның алдына шықты. Құтқарушылардың үйлесімді әрекеттерінің арқасында колонна межелі жерге аман-есен жетті. Зардап шеккендер жоқ.

Сол сияқты 112 пультіне Көктөбе ауылынан шамамен 15 шақырым жерде жеңіл автокөліктің жолдан шығып кеткені туралы хабарлама түсті. Көмекке келген Май ауданы ТЖ бөлімінің қызметкерлері – азаматтық қорғау полковнигі Дастан Исқара, азаматтық қорғау капитаны, инженер Мирас Гросс және азаматтық қорғау капитаны, бас маман Талғат Ташенов кезектесіп, автокөліктің алдында 4 шақырымнан астам жаяу жүріп, жол бағытын көрсетіп отырды. Сөйтіп, жолаушыларды діттеген жерге жеткізді. Кейін олар Кеңтүбек ауылына қайтып келе жатып, Атамекен – Ақсу – Үлкен Ақжар – Курчатов республикалық маңызы бар автожолында тағы бір бұзылып қалған автокөлікті байқады. Оның ішінде Курчатов қаласынан келе жатқан Павлодар қаласының екі тұрғыны болған. Құтқарушылар оларды да қауіпсіз жерге жеткізді.

Синоптиктердің болжамынша, қатты боран мен екпінді жел бүгін-ертең де сақталады. Оңтүстік-батыстан жылдамдығы 23-28 м/с дейін жететін жел соғып, қар мен бұрқасын күтіледі.

Сондықтан мамандар тұрғындарды алыс жолға шықпауға сұрауда. Төтенше жағдай орын ала қалған жағдайда өңірде жалпы сыйымдылығы 20 мыңнан асатын 188 жылыту пункті, оның ішінде 4302 төсек-орын дайындалды.