Отандық тауар өндірушілер энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға тартылады

0
105

Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба 2024 жылғы желтоқсанда бекітілді.


Отандық тауар өндірушілер энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға тартылады

ERNUR.KZ. Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаның тәжірибелік кезеңінің басталуы туралы айтты, деп хабарлайды UKIMET.

Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба 2024 жылғы желтоқсанда бекітілді. Ұлттық жобаны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін 17 шілдеде Мемлекет басшысы 29 шілдеде күшіне енген тиісті заңға қол қойды.

Алдын ала бағалау бойынша Ұлттық жобаны бес және одан да көп жылға жүзеге асыруға 13 трлн теңгеден астам инвестиция тарту қажет. Ол 86 мың шақырым коммуналдық желілерді жөндеу және салу үшін, жиынтық көлемде 7,3 Гвт қосымша генерациялау көздерін іске қосу үшін жұмсалақ.

Қаражатты төрт қаржы көзінен тарту қарастырылып отыр. Олар:

- отандық және халықаралық қаржы институттары;
- екінші деңгейдегі банктер;
- бюджет және Ұлттық қор қаражаты;
- акционерлер - бизнес иелерінің қаражатынан.

ЭКСЖ-ға қатысуға пилоттық жоба ретінде 35 табиғи монополия субъектісі (ТМС) бекітілді. Қарастыру сатысында тағы 22 жоба тұр. Жыл соңына дейін 6 инфрақұрылымдық компания тозудың «қызыл» деңгейінен «орташа» деңгейіне көшіп, тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендетеді деп күтілуде.

Биыл пилоттық режимде жалпы сомасы 150 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылуда. 8,5 мың шақырым желіні жөндеп, 42 мыңнан астам жабдықты ауыстыру жоспарлануда.

Елішілік құндылықты арттыру бөлігінде жалпы сомасы 2 трлн 140 млрд теңгеге 2 786 тауар позициясы айқындалды, олар бойынша 220 отандық тауар өндірушілерден пул жасақталды. Бұдан бөлек өңірлер бөлінісінде лицензия алған 669 EPC-мердігерге талдау жүргізілді.

Отандық тауар өндірушілерді дамыту импортқа тәуелділікті азайтып қана қоймай, қосымша жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ бюджетке түсетін салық түсімдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Цифрландыру – Ұлттық жобаны тиімді жүзеге асырудың негізгі құралы, ол үдерістердің ашықтығын, жұмыстардың мерзімі мен сапасына қадағалауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ барлық қатысушылар үшін қолайлылы. Цифрландыру аясында екі негізгі бағыт жүзеге асырылуда. Олар – «Самұрық-Қазына» порталы негізінде құрылған Ұлттық жобаның Электронды сатып алу платформасы және «SMART TURMYS» ТКШ ақпараттық жүйесі.

Сондай-ақ арнайы web-портал мен байланыс орталығы әзірленуде, онда Ұлттық жобаның орындалу барысы туралы барлық ақпарат жалпыға қолжетімді болады.