2026 жылдың басынан бері стационарлар базасында 403 төсек-орынға арналған 26 жаңа бейінді бөлімше ашылды.
ERNUR.KZ. Қазақстанда өңірлерде мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында облыстық көпбейінді ауруханаларды жаңарту бағдарламасы іске асырылып жатыр, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.
2026 жылдың басынан бері стационарлар базасында 403 төсек-орынға арналған 26 жаңа бейінді бөлімше ашылды. Олар терапиялық бағыттағы ең сұранысқа ие: гастроэнтерология, ревматология, пульмонология, эндокринология, нефрология, гематология және кардиология сияқты жеті бейін бойынша құрылды.
Жаңа бөлімшелер тұрғындар өздері тұратын өңірде тікелей диагностикадан өтіп, ем ала алуы және облыстық әрі республикалық орталықтарға шығу қажеттілігін азайту мақсатында ашылуда.
Ақтөбе облысында 16 төсек-орыннан тұратын екі жаңа бөлімше – гастроэнтерология және нефрология бөлімшелері ашылды. Бұған дейін мұнда ревматология бөлімшесі құрылған болатын. Қостанай облысында 25 төсекке арналған гастроэнтерология, 20 төсек-орынға арналған эндокринология және 30 төсекке арналған пульмонология бөлімшелерін ашу көзделген. Қызылорда облысында 20 төсек-орынға арналған ревматология және 20 төсек-орынға арналған гастроэнтерология бөлімшелері ашылды. Павлодар облысында 20 төсек-орыннан тұратын пульмонология және гастроэнтерология бөлімшелері, ал Жетісу облысында 10 төсек-орынға арналған пульмонология, 15 төсек-орынға арналған гастроэнтерология және 10 төсек-орынға арналған нефрология бөлімшелері ашылды.
Бағдарлама шеңберінде халықтың нақты қажеттіліктерін ескере отырып, төсек қорын бейіндер бойынша қайта бейімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Бейінді бөлімшелердің кеңеюі ауруларды уақтылы анықтауға, емдеуді ерте кезеңдерде бастауға және асқыну қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар медициналық көмекті ұйымдастыру жүйесі жетілдіріліп, телемедицина дамытылуда, құзырет орталықтары құрылып, медицина кадрларын жергілікті жерде даярлау және олардың біліктілігін арттырудың заманауи тәсілдері енгізілуде.


