«Ойымды дұрыс жеткізбедім»: Рүстем Жүгінісов даулы мәлімдемесі үшін кешірім сұрады

0
436

Ол бұған дейін мешітте ер адамның әдепсіз әрекетіне ұшыраған қыз жөнінде пікір айтқан еді


«Ойымды дұрыс жеткізбедім»: Рүстем Жүгінісов даулы мәлімдемесі үшін кешірім сұрады

Фото: instagram.com/emmanuellanauryzbaeva / zhugunussov

ERNUR.KZ. Танымал әнші Мирас Жүгінісовтың бауыры Рүстем Жүгінісов өз Instagram парақшасында қоғамда дау тудырған мәлімдемесіне байланысты халықтан кешірім сұрады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Ол бұған дейін мешітте ер адамның әдепсіз әрекетіне ұшыраған қыз жөнінде пікір айтып, әлеуметтік желіде қатты сынға ұшыраған болатын. Желі қолданушылары оны қызды кінәлады деп қабылдаған.

«Сөзімді дұрыс жеткізе алмадым»

Рүстем Жүгінісов жариялаған жазбасында бұл жағдайға қатысты пікірін нақтылады.

«Қайырлы күн! Соңғы күндері тарап жатқан менің жазбаларыма байланысты түсініктеме бергім келеді. Бірінші сторисымда айтқанымдай, бұл жағдайда толықтай ер азаматтың жасағаны ҚАТЕ. Бұл – айқын. Дінімізде де «бір күндік неке» деген түсінік жоқ екенін нақты тағы айтқым келеді», – деді ол.
«Ал екінші сториста, өкінішке қарай, өз ойымды дұрыс жеткізе алмадым. Ойлана келе, сол сәттегі эмоцияның әсерімен кей сөздерімде қаттылыққа жол беріп, ойымды дұрыс жеткізе алмағанымды түсіндім. Бұл – мен тарапымнан кеткен үлкен қателік екенін мойындаймын», – деп жазды Жүгіңісов.

Ол еліміздің зайырлы мемлекет екенін, әр азаматтың жеке таңдау құқығы барын да атап өтті.

«Біз зайырлы елде тұрамыз, әр адамның өз таңдауы бар. Ешкімді белгілі бір көзқарасты ұстан деп мәжбүрлеу ойымда болған емес. Мен әр адамның шешімін сыйлаймын және құрметтеймін», – деді ол.

Мақсаты – қауіпсіздік мәселесіне назар аудару

Жүгінісов өз жазбасында алғашқы ниетінің – қыз-келіншектердің қауіпсіздігіне алаңдау екенін айтып өтті.

«Негізінде бұл мәселені қозғағанда, ең алдымен қауіпсіздік жағын ойлаған едім. Иә, мен де қыз бағып отырған әкемін. Қыздарымды уайымдаймын. Кеш бата көшеде түрлі қауіп төндіретін ер азаматтар, яғни мас күйдегі адамдар, есірткі әсеріндегі немесе психикалық жағдайы тұрақсыз азаматтар кездесуі мүмкін. Мен тек сол қауіптерден қорғаштап, қарындастарымды уайымдағандықтан, эмоциямен айтып қойдым», – дейді ол.

Ол ешқашан әйелдерді кінәлеу мақсаты болмағанын да айтты.

«Иә, жеткізу формасынан қателік кеткені рас. Бірақ, менің ниетім ешқашан ару жандарды кінәлау болмаған», – деп жазды Жүгіңісов.

Қоғамдағы өзгеріс ер адамдардан басталуы тиіс

Жүгінісов қоғамдағы зорлық-зомбылық пен әділетсіздікке байланысты ер адамдардың рөлін бағалады.

«Мен қыз-келіншектерді әрқашан қолдаймын. Себебі, олар – біздің қоғамның негізі мен тірегі. Зорлық-зомбылық, алдау, пайдаланушылық – мұның бәріне әйел емес, ер адамдардың кінәсі бар екені толықтай РАС! Сондықтан ең алдымен, өзгеріс те, жауапкершілік те ер азаматтардан басталуы қажет», – деді ол.

Сөз соңында көпшіліктен кешірім сұрады

Туған дау мен сын-ескертпелерден кейін Рүстем Жүгіңісов қыз-келіншектерден кешірім сұрады:

«Құрметті әпкелер, сіңлілер, егер менің сөздерім сіздерге ауыр тисе – шын жүректен кешірім сұраймын», – деп жазды ол.