Әлемдегі қуатты елдер рейтингі: Қазақстан БАӘ мен Норвегияны басып озды

0
126

Рейтингте Қытай көш бастады.


Әлемдегі қуатты елдер рейтингі: Қазақстан БАӘ мен Норвегияны басып озды

Фото: ЖИ

ERNUR.KZ. 2026 жылы әлемдегі ең қуатты мемлекеттер рейтингісінде Қытай АҚШ-тан озып, Қазақстан үздік 35 елдің қатарына енді, деп жазады stan.kz.

World Population Review аналитикалық порталының мәліметінше, рейтингке 100 мемлекет енген. Елдердің халықаралық аренадағы ықпалы экономикалық қуаты, әскери әлеуеті, саяси салмағы және мемлекеттің күшін айқындайтын өзге де факторлар негізінде бағаланған.

Рейтингте Қытай көш бастады. Екінші орында АҚШ тұрса, үздік үштікті Үндістан түйіндейді. Осылайша, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Франция, Ұлыбритания, Мексика және Италия алғашқы ондыққа енді.

Еске саалйық, 2023 жылғы U.S. News жариялаған рейтингте АҚШ көш бастап, Қытай екінші орынға орналасқан еді, ал Ресей үздік үштікке енген еді.

Рейтингтегі 34-орын нені білдіреді?

Қазақстан бұл рейтингте 100 мемлекеттің арасында 34-орынға тұрақтады. Еліміз Венгриядан кейін, Мысырдан жоғары орналасқан. Рейтингте Қазақстанға жанында орналасқан бірқатар мемлекеттің халықаралық саясат пен әлемдік экономикада өзіндік орны бар.

Әлемдегі қуатты елдер тізімінде Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясын басып озды. Алайда бұл Қазақстанның аталған елдерден барлық көрсеткіш бойынша басым екенін білдірмейді. Рейтингтегі орын бірнеше фактордың жиынтық бағасына негізделген.

Қазақстанның рейтингтегі орнына ең алдымен аймақтық тұрғыдан қарауға болады. Ел 100 мемлекеттің алғашқы жартысына еніп, халықаралық экономикалық байланыстарын нығайтуға ұмтылып отырған Өзбекстаннан едәуір жоғары орналасқан. Дегенмен рейтингтегі орын Қазақстанға инвестиция салудың тартымдылығы автоматты түрде артқанын немесе елдің дипломатиялық ықпалы соңғы бір жылда күшейгенін білдірмейді.

Неліктен экономикасы қуатты ел рейтингте үнемі бірінші орында емес?

Елдің әлемдегі ықпалы тек экономикасының көлемімен өлшенбейді. Мемлекеттің саяси рөлі, әскери күші және басқа елдермен байланысы да ескеріледі.
World Population Review сілтеме жасаған U.S. News әдістемесінде осы факторлардың барлығы назарға алынған. Сондықтан рейтингте жоғары тұрған елдің экономикасы ең ірі немесе халқының табысы ең жоғары болуы міндетті емес.

Мысалы, Мексика рейтингте тоғызыншы орын алса, Ресей он бірінші сатыға жайғасқан.

World Population Review АҚШ-ты әлемдегі қазіргі супердержавалардың бірі ретінде сипаттайды. Ал Қытайды болашақта осындай мәртебеге ие болуы мүмкін мемлекет деп бағалайды.

Бұған дейін Қазақстан ТМД елдерін басып озып, әлемдік "бақыт" рейтингінде жоғары орынға көтерілген еді. Қазақстан World Happiness Report есебі бойынша әлемдегі ең бақытты елдер рейтингінде 10 сатыға көтерілді. Биыл Қазақстан 147 елдің ішінде 33-орынға ие болды. Ал өткен жылы еліміз 43-орында болған еді. Осылайша, Қазақстан ТМД елдері арасында ең үздік нәтиже көрсетті.