Мобильді аударым тексерісі: министр алғашқы қорытынды қашан шығатынын айтты

0
122

​Қаржы министрі тәуекел тобына енген азаматтарға хабарламалар жолданғанын айтты.


Мобильді аударым тексерісі: министр алғашқы қорытынды қашан шығатынын айтты

Фото: Azattyq Ruhy, Әбілқасым Есентаев

ERNUR.KZ. Қаржы министрі Мәди Тәкиев мобильді аударымдарды бақылау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың алғашқы қорытындылары жақын арада жарияланатынын айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Министрдің сөзінше, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша анықталған жағдайлар бойынша азаматтарға тиісті хабарламалар жіберілген.

«Бірінші тоқсан бойынша анықталған жағдайлар туралы бұған дейін айттым. Барлығына тиісті хабарламалар жолданды. Заң бойынша жауап беру үшін 45 күн мерзім беріледі. Сондықтан қазір сол мерзімнің аяқталуын күтіп отырмыз. Тағы бір-екі аптадан кейін толық ақпарат береміз», – деді Тәкиев Мәжіліс кулуарында.

Журналистер халық арасында «қарапайым азаматтарды ғана тексереді, ал ірі көлемде қаржы айналдыратындар назардан тыс қалып жатыр» деген пікір бар екенін айтқанда, министр бақылау шаралары барлық санаттағы салық төлеушілерге бірдей қолданылатынын жеткізді.

«Біз барлығын тексереміз. Тәуекелдерді басқару жүйесі бар. Оның аясында барлық бизнес субъектісі мен жеке кәсіпкерлер қамтылады. Сәйкессіздік анықталған жағдайда алдымен камералдық бақылау аясында хабарлама жолданады. Егер салық төлеуші өз ұстанымын дәлелдесе, проблема жабылады. Дәлелдей алмаса, одан әрі шаралар қабылданады», – деді ол.

Сондай-ақ министр мобильді аударымдарды тексеруге байланысты қоғам тарапынан жаппай наразылық туралы ақпараттың өзіне түспегенін айтты.

«Маған әзірге ондай ақпарат түскен жоқ», – деді қаржы министрі.