Министр Мәдиев иен далаға барып, Илон Масктің интернетін сынақтан өткізді

0
74

​Интернет 2026 жылдың ақпанында жұмыс істейді.


Министр Мәдиев иен далаға барып, Илон Масктің интернетін сынақтан өткізді

Фото: gov.kz

ERNUR.KZ. Бүгін премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жасұлан Мәдиев SpaceX (Starlink) компаниясының өкілдерімен бірге Starlink Direct to Cell спутниктік байланыс желісін сынақтан өткізген, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Министрліктің ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, сынақ сәтті өткен.

«Қазақстан әлемдегі алғашқы елдердің бірі қатарында 2026 жылдың ақпан айынан бастап SpaceX компаниясының Direct-to-Cell (D2C) спутниктік байланыс технологиясын кезең-кезеңімен енгізеді», - деп хабарлайды цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Министрліктің өкілдері еске салғандай, биыл күзде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америка Құрама Штаттарына ресми сапары барысында маңызды келіссөздер өтіп, елімізге әлемдік озық технологияларға жол ашатын бірқатар құжаттарға қол қойылды.

«Солардың бірі Starlink компаниясының Direct to Cell спутниктік байланыс технологиясын енгізу туралы келісім. Бүгін премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев SpaceX (Starlink) компаниясының өкілдері Орталық Азияда алғаш рет Direct-to-Cell технологиясын сынақтан сәтті өткізді», - деп хабарлайды министрлік.

Дәлірек айтсақ, олар қарапайым ұялы телефон арқылы SMS-хабарламалар мен мессенджер арқылы сәтті қоңырау шалған.

«Direct-to-Cell технологиясы қосымша құрылғыларды қажет етпей, стандартты мобильді телефонды тікелей спутникке қосуға мүмкіндік береді. Сондықтан, далада да, таулы және шалғай өңірлерде де байланыс жұмыс істейді», - деп хабарлаған министрлік.

Жалпы, осы технология Қазақстанда жұмыс істей бастаған соң әуел баста адамдар SMS-хабарламалар жібере алады, ал келесі кезеңдерде дыбыстық байланыс пен басқа да сервистерге жүгіне алады. Негізгі қызмет түрлерінің басым бөлігі 2027 жылы жұмысын бастайды деген жоспар бар.