Мемлекет жерлерді қайта айналымға енгізе бастады: ашықтық пен фермерлерді қолдауға басымдық беріліп отыр

0
82

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында әкімдіктерге қайтарылған барлық ауыл шаруашылығы жерлерін 2026 жылдың ортасына дейін айналымға енгізуді және оларды бөлу тетігін өзгертуді тапсырды.


Мемлекет жерлерді қайта айналымға енгізе бастады: ашықтық пен фермерлерді қолдауға басымдық беріліп отыр

ERNUR.KZ. 2022 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін мемлекет меншігіне 13,7 млн гектар жер қайтарылды. Оның ішінде 6,2 млн гектары қайта бөлінді. 2,1 млн гектар жер елді мекендерге жақын орналасқандықтан, ауыл тұрғындарының мал жаюына ортақ пайдалануға берілсе, қалған 4,1 млн-ы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер арасында конкурс арқылы бөлінді. Сонымен қатар жер пайдаланушылар өздеріне тиесілі 4 млн гектар жерді игеруге кірісті. Бұл туралы вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Жер ресурстарын ұтымды пайдалану жөніндегі республикалық комиссия отырысында айтылды, деп хабаралйды Primeminister.kz.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында әкімдіктерге қайтарылған барлық ауыл шаруашылығы жерлерін 2026 жылдың ортасына дейін айналымға енгізуді және оларды бөлу тетігін өзгертуді тапсырды. Оны орындау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі пайдаланылмай жатқан жерлерді бөлу жоспарын әзірлеп, өңірлерге жіберген болатын.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, жерді бөлу кезінде бірінші кезекте ауыл тұрғындарының жайылымға деген қажеттілігі және фермерлердің мүдделері ескерілуге тиіс. Бұл жерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту мүмкіндігін арттырып, мал шаруашылығын дамытады және әлеуметтік шиеленісті төмендетеді.

Басты жаңалық – пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін бөлу үдерісін цифрлық форматқа көшіру. Бұдан былай шешімдер электронды конкурстар негізінде қабылданады. Жыл соңына дейін заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілуі қажет.

2025 жылғы 26 тамыздан бастап конкурс өткізу ережелері жаңартылды. Іріктеу инвестиция көлемінің, техника мен малдың болуы, білікті мамандармен қамтамасыз етілуі сияқты негізгі өлшемшарттар бойынша жүргізіледі.

Жерлерді цифрландыру – маңызды қадам. 2024 жылы барлық ауыл шаруашылығы жерлерін (шөлді аумақтардан басқа) цифрландыру аяқталды. Бүгінде 197,9 млн гектар жердің картасы ашық форматта қолжетімді, бұл ел аумағының 72,6%-ын құрайды. Жұмыстар толығымен 2025 жылдың соңына дейін аяқталады.

Отырыста сондай-ақ Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелерінің жыл басынан бергі қызметі туралы ақпарат берілді. Барлығы 2,1 млн гектар жерге 1381 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 1,5 млн гектарды қамтитын 1013 заң бұзушылықты жою туралы нұсқама берілді.

Қазіргі таңда бұрын берілген нұсқамалар бойынша 350,1 мың гектар жер игеріле бастады. Ал 52,6 мың гектар бойынша мәжбүрлі түрде қайтарып алу үшін сот істері жүріп жатыр. Жалпы қайтарылуы тиіс 2 млн гектардың 1,55 млн гектары мемлекетке қайтарылды.

«Ауыл шаруашылығы жерлерін әділ бөлу – халық үшін ең өзекті мәселелердің бірі, жер комиссияларының араласуын болдырмай, үдерісті толықтай электронды әрі ашық ету қажет», — деді Серік Жұманғаринн .

Ол сондай-ақ жайылымдардың тозуымен күресудің маңыздылығын, мал шаруашылығын дамыту және асыл тұқымды мал басын жаңарту үшін ауылдық округтердің маңындағы жайылымдарды қалпына келтіру қажеттігін, бұл уақытты талап ететінін, сондықтан қайта егу жұмыстарын қазірден бастау керектігін атап өтті.