Мектеп зертханасынан технопаркке дейін: «Қазақстан халқына» қоры Қарағанды облысында білім беру сапасын арттыруда

0
97

2022 жылдан бері «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қарағанды облысында жалпы құны 23,9 млрд теңгені құрайтын 33 жобаны жүзеге асырды.


Мектеп зертханасынан технопаркке дейін: «Қазақстан халқына» қоры Қарағанды облысында білім беру сапасын арттыруда

ERNUR.KZ. Бастамалар білім беру, денсаулық сақтау, спорт және әлеуметтік қолдау салаларын қамтиды, деп хабарлайды өңір әкімдігі.

Солардың ішінде ерекше басымдық білім саласына берілген. Бүгінде өңірде осы бағытта тоғыз жоба жұмыс істеп тұр.

Маңызды жобалардың бірі – «Білім инновация» лицейлерінің тәжірибесін Қарағанды, Саран, Шахтинск, Теміртау қалалары мен Абай және Қарқаралы аудандарының мектептеріне енгізу.

Бұл бағдарлама 86 мектепті қамтып отыр. Серіктес ұйым – халықаралық «Білім инновация» қоғамдық қоры.

Жоба аясында физика, химия және биология кабинеттері заманауи зертханалық және дидактикалық жабдықтармен жабдықталды.

Мұғалімдер біліктілікті арттыру курстарынан өтті, ал оқу процесіне менторлық қолдау көрсетілді.

— Біз үшін жобалардың тұрақтылығы аса маңызды, — дейді Қордың білім, мәдениет және спорт саласындағы жобалар мен бағдарламаларды басқару орталығының аға менеджері Зәуре Байменова.

Теміртаудағы №1 гимназияның директоры Татьяна Хотенова өңірде инженерлер мен зерттеушілерге сұраныс жоғары екенін айтады.

— Педагогтардың міндеті – оқыту процесін зерттеушілік бағытта тиімді ұйымдастыру. Сол арқылы түлектер болашақ мамандығын ертерек таңдай алады. Жаңа жабдықтың арқасында оқушылар цифрлық технологияларды меңгеруде, сабақтар қызықты әрі нәтижелі бола түсті, — дейді ол.

Білім беру жобаларының тағы бір маңызды бағыты — ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау.

Қарағанды облысында он арнайы мектеп қамтылған.

Мысалы, Теміртаудағы №5 мектеп-интернатта футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, воркаут аймағы және жаттығу құралдары бар заманауи спорт инфрақұрылымы салынды.

— Бізде тек Теміртау емес, Қарағанды мен Бұқар жырау ауданынан да балалар оқиды. Жаңа спорт алаңдары олардың оқу процесіне үлкен серпін берді, — дейді мектеп директоры Динара Смаилова.

Дефектолог-мұғалім Оксана Малахованың айтуынша, тұрақты жаттығулар балалардың зейіні мен көңіл-күйіне оң ықпал етуде.

Мектеп-интернатта 140 бала оқиды, олардың ішінде сөйлеу қабілетінде ауыр бұзылыстары мен жеңіл деңгейдегі ақыл-ой кемістігі бар балалар бар.

Қордың қолдауымен мұнда психолог кабинеті, сенсорлық және логопед бөлмелері ашылып, заманауи түзету жабдықтары орнатылды.

Сонымен қатар бастауыш сыныптарға жаратылыстану пәндері бойынша шағын зертханалар сатып алынды.

Бұл балалардың оқу сапасын арттырып, ынтасын күшейтіп отыр.

Қор балалардың техникалық және шығармашылық әлеуетін дамытуға да басымдық беруде.

Теміртаудағы балалардың техникалық шығармашылық мектебі жаңғыртылып, балалар технопаркінде он үйірме қайта жабдықталды.

Олардың қатарында Кеме үлгілеу спорты клубы, Автомодельдеу клубы және «Жасыл мектеп» бар.

Сонымен бірге төрт жаңа бағыт ашылды: телестудия, кеме үлгілеу зертханасы, жасанды интеллект пен робототехника негіздері және ақпараттық пен VR-технологиялар зертханасы.

240-тан астам бала 3D-модельдеу, бағдарламалау, робототехника және кеме үлгілеумен айналысуға мүмкіндік алды.

— Бұған дейін мұғалімдер 80-жылдардағы жабдықпен жұмыс істесе де, осы орталықтан халықаралық байқаулардың жеңімпаздары шыққан. Біз бұл бастамаларды қолдауды жөн көрдік. Сол себепті Теміртаудағы балалар технопаркін жаңғырту еліміз бойынша пилоттық жобаға айналды. Қазірдің өзінде оның оң шешім болғанын көріп отырмыз, алдағы уақытта тәжірибені басқа да ұйымдарда таратуды жоспарлап отырмыз, — дейді Зәуре Байменова.

Кеме үлгілеу үйірмесі технопарктің мақтанышы саналады.

Ол өңірге көптеген чемпион тәрбиелеп шығарған. Үйірме түлектері республикалық қана емес, халықаралық жарыстарда да жеңіске жеткен.

Солардың бірі — қосымша білім беру педагогі, осы мектептің түлегі әрі кеме үлгілеу спорты бойынша әлем чемпионы Сергей Оконечников.

— Жабдықтарымыз жылдар бойы жаңартылмаған еді. Керегін кейде өзім сатып алатынмын. Енді балалар заманауи жабдықпен жұмыс істеп, сапалы құралдар пайдалана алады.

Ерекше мақтанышымыз — кеме сынауға арналған жабық бассейн. Бұл тіпті ең жас спортшыларға ыңғайлы әрі жыл бойы жаттығу жасауға мүмкіндік береді, — дейді ол.

Ауылдық жерлердегі тірек мектептерді дамыту бағдарламасы аясында Саран қаласындағы Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің материалдық-техникалық базасы толықтай дерлік жаңартылды.

— Біздің мектепте 22 оқу кабинеті бар. Олардың барлығы заманауи жабдықтармен, жиһазбен және дидактикалық материалдармен толық қамтамасыз етілді. STEM-зертхана, робототехника кабинеті, теле- және арт-студия ашылды. Сондай-ақ акт залы мен спорт залы, еңбекке баулу кабинеттері, психологиялық және логопедтік қолдау бөлмелері қайта жабдықталды, — дейді мектеп директоры Гүлден Серікова. — Жаңа жабдықтардың келуі білім сапасын айтарлықтай арттырды. Оқушылар байқауларда жүлделі орындар ала бастады, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қызығушылықтары өсті. Сонымен қатар бастауыш сыныптарда жағдай жақсарды: ыңғайлы оқу орындары жасақталып, шахмат үйірмесі мен тележурналистика студиясы ашылды.

«Қазақстан халқына» қоры Қарағанды облысында әлеуметтік маңызы бар өзге де жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді.