Мәсімовтің екі суық қаруы аукционда сатылды

0
110

16 қыркүйекте қайтарылған активтерді басқару компаниясы сотталған экс-шенеуніктің мүлкінің бір бөлігін саудаға шығарды.


Мәсімовтің екі суық қаруы аукционда сатылды

Ulysmedia.kz коллажы

ERNUR.KZ. Электронды сауда алаңында ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке тиесілі екі жәдігер суық қару – қылыш пен пышақ сатылды, деп жазады ulysmedia.kz.

16 қыркүйекте қайтарылған активтерді басқару компаниясы сотталған экс-шенеуніктің мүлкінің бір бөлігін саудаға шығарды.

Электронды сауда алаңында мына заттар сатылды: түрлі түсті эмальмен және сүйек әшекейлерімен көмкерілген қынға салынған қылыш. Оның бастапқы бағасы – 453 мың теңге. Сондай-ақ ағаш сапты, сары металдан жасалған қынға салынған пышақ 182 мың теңгеге бағаланған. Сауда қорытындысында қылыш 385 286 теңгеге, пышақ 155 281 теңгеге сатылды.

Бұған дейін елде Мәсімовтен тәркіленген мүліктердің сатылып жатқаны хабарланған болатын.

КОНТЕКСТ

2023 жылдың сәуірінде сот Мәсімов пен оның орынбасарларына үкім шығарды. Экс ҰҚК басшысы мемлекеттік опасыздық жасағаны, билікті басып алуға үгіт жүргізгені және лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды. Соттың түпкілікті шешімі – 18 жылға бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу және өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айыру.