"Майорды қағып кеткен": Алматыда болған жантүршігерлік жол апатының мән-жайы белгілі болды

0
110

Алматыда Hyundai Elantra жүргізушісі Рысқұлов даңғылында жаяу жүргіншіні қағып кеткен.


Фото: unsplash

ERNUR.KZ. 2026 жылғы 18 ақпанда желіде Алматыда жаяу жүргіншіні көлік қағып кеткен сәттің бейнесі тарап кетті. Жол апатының жай-жапсарын қалалық ПД баспасөз қызметі мәлімдеді, деп жазады zakon.kz.

Instagram желісіндегі парақшалардың бірінде жарияланған жазбада жүйкесі әлсіз адамдарға видеоны көрмеу ұсынылған. Сондай-ақ кейбір дереккөздерге сілтеме жасай отырып, Алматыда Hyundai Elantra жүргізушісі Рысқұлов даңғылында жаяу жүргіншіні қағып кеткені айтылған.

"Зардап шеккен ер адам Алматы қалалық Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілген. Мәліметке сәйкес, жәбірленуші ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институты РММ-нің майоры. Оқиға кезінде демалыста болған",- делінген ақпаратта.

Қалалық полицияның мәліметінше, жол апаты 17 ақпанда сағат 04:10 шамасында Алатау ауданында болған.

"Hyundai маркалы автокөліктің жүргізушісі Рысқұлов даңғылымен шығыс бағытта, Соқпақбаев көшесінен батысқа қарай келе жатып, жолдың жүру бөлігінде тұрған жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Оқиға салдарынан жаяу жүргінші түрлі дене жарақаттарымен қалалық ауруханалардың біріне жеткізілді", – деп мәлімдеді Алматы қаласы ПД баспасөз қызметі.

Алдын ала мәлімет бойынша, көлік жүргізушісі мас күйде болған.

"Апаттың мән-жайын Алатау аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері анықтап жатыр", – деп толықтырды ведомство.