Қызылорда облысында күріш жинау науқаны басталды

0
102

Қызылорда облысындағы И. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының тәжірибелік алқабында өткен «Егіс күні – 2026» іс-шарасы аясында күріш жинау жұмысы қолға алынды.


Қызылорда облысында күріш жинау науқаны басталды

ERNUR.KZ. Жиналғандар алдында су үнемдеу технологияларын енгізу, топырақ құнарлылығын арттыру және күріш шаруашылығындағы агротехникалық әдістерді жетілдіру бағыттарындағы ғылыми-тәжірибелік жұмыстардың нәтижелері таныстырылды, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Сондай-ақ күріш өсіруде қолданылатын заманауи ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтары, Қызылорда облысының табиғи-климаттық жағдайларына бейімделген перспективалы сұрыптар таныстырылды.

«Мемлекет басшысы бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығын заманауи ғылымсыз, озық технологияларсыз және білікті кадрларсыз дамыту мүмкін еместігін әрдайым айтып келеді. Ғылым саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдау аясында оның материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл алғаш рет осы мақсатқа республикалық бюджеттен 16,8 млрд теңге бөлінді. Оның 4,1 млрд теңгесі И. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына қарастырылған», – деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.

Оның айтуынша, күріш шаруашылығы институты күріш өсіру және су үнемдеу технологиялары саласындағы ұлттық құзырет орталығына айналуға тиіс. Бұл жаңа сұрыптар әзірлеу мен ғылыми зерттеулер жүргізуден бастап, әзірлемелерді тікелей ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында тәжірибеге енгізуге дейінгі барлық үдерісті қамтиды. Бөлінген қаржы институттың зертханалық және технологиялық жабдықтарын едәуір жаңартуға, ғылыми зерттеулер жүргізу мүмкіндіктерін кеңейтуге және заманауи әзірлемелерді ауыл шаруашылығы өндірісіне енгізуді жеделдетуге жол ашады.

Аграрлық саясаттың негізгі бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы дақылдарының экономикалық тиімділігі мен су ресурстарына қажеттілігін ескере отырып, егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру.

Биыл Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы дақылдары 193,7 мың гектар алқапқа егілді. Оның 70 мың гектарын күріш алқаптары құрайды. Бұл ретте су үнемдеу технологияларын қолдану ауқымы да кезең-кезеңімен кеңейіп келеді. 2026 жылы 14,2 мың гектарға дейін жеткізілді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 8,1 мың гектар болған.

Сондай-ақ күріш алқаптарын лазерлік тегістеу технологиясын енгізу жұмыстары жалғасуда. Бұл технология суды тиімдірек бөлуге және ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге оңтайлы жағдай жасайды.

Әртараптандыру аясында өңірде ылғалды аз қажет ететін дақылдардың өндірісі де ұлғаюда. Атап айтқанда, биыл дәндік жүгері егілген алқаптың көлемі 2 мың гектардан 11 мың гектарға дейін артты.

«Егіс күні – 2026» іс-шарасы шеңберінде облыс деңгейінде ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті.