Құрылтай депутаттары куәліктері мен төсбелгілерін алды

0
76

Жиын соңында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы депутаттарға куәліктері мен төсбелгілерін табыстады.


Құрылтай депутаттары куәліктері мен төсбелгілерін алды

Фото: election.gov.kz
ERNUR.KZ. Орталық сайлау комиссиясы Құрылтайдың сайланған 145 депутатын ресми түрде тіркеді. Олардың өкілеттігі тіркеу рәсімі аяқталған сәттен бастап басталады, деп жазады Stan.kz.

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның мәліметінше, депутаттар партиялар бойынша мынадай тәртіппен тіркелді:

  • “Әділет” партиясы – 110 депутат;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 8 депутат;
  • “Ауыл” партиясы – 10 депутат;
  • “Ақ жол” Қазақстанның демократиялық партиясы – 8 депутат;
  • Respublica партиясы – 9 депутат.

Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Нұрлан Әбдіров Құрылтай депутатының өкілеті тіркелген сәттен басталатынын айтты.


“Енді сіздер – Қазақстан Республикасының заң шығарушы билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган – Құрылтайдың депутаттарысыздар”, – деді ол.

Нұрлан Әбдіровтың айтуынша, депутаттық мандат – халықтың сенімі мен таңдауының нәтижесі. Сондықтан Құрылтай депутатының мәртебесі әр депутатқа ел мен халық алдында үлкен жауапкершілік жүктейді.

Отырыста Құрылтай депутаттары тікелей сайлау құқығы негізінде сайланғаны және сайлау науқанының барлық кезеңі заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылғаны да айтылды.

Жиын соңында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы депутаттарға куәліктері мен төсбелгілерін табыстады.