ҚР ІІМ: Балалардың қауіпсіздігі тәртіп сақшыларының ерекше назарында

0
69

Жаңа оқу жылы аясында ішкі істер органдары балалардың қауіпсіздігін күшейтіп жатыр.


ҚР ІІМ: Балалардың қауіпсіздігі тәртіп сақшыларының ерекше назарында

ERNUR.KZ. Бұл жұмыс «үй – мектеп – үй» бағыты бойынша білім беру ұйымдарында, қоғамдық орындарда және интернетте жүргізіледі. Оқу жылы басталған кезде көшеде балалар көбейеді. Мектеп маңында көлік қозғалысы да артады. 15-30 тамыз аралығында республика бойынша «Назар аударыңыз, балалар!» акциясы өтеді. Негізгі мақсат құқық бұзушылықтардың алдын алу, түрлі оқиғаларға жол бермеу және балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Карина ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деп мәлімдеді.

Оның хабарлауынша, жазғы демалыс кезінде үлкен жұмыс атқарылды, балалар демалған лагерьлерде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Әр лагерьге полиция қызметкерлері бекітілді. Лагерь басшылығымен бірге балаларға заң талаптарын түсіндіру бойынша түрлі іс-шаралар жасалды.

«6 мыңнан астам баланы демалыс орындарына апару және кері алып келу кезінде полицияның алып жүруі ұйымдастырылды. Кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылық жасауына және оларға қатысты бұзушылықтарға жол бермеу үшін профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Бұл жерде балалардың түнгі уақытта үлкендерсіз көшеде жүруіне, алкогольдік ішімдік ішуіне және темекі тартуына жол бермеуге ерекше көңіл бөлінді. Тек жаз кезінде ғана балаларын бақыламаған 15 мың ата-ана жауапкершілікке тартылды. Полицияға 18 мың бала жеткізілді, олардың 1,5 мыңнан астамы қараусыз жүрген. Балалардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол берген 240 кәсіпкер жауапкершілікке тартылды», – деді спикер.

Сабақ басталғанға дейін полиция қызметкерлері мектептерге жақын аумақтарды, кіреберіс жолдар мен жаяу жүргіншілер өткелдерін тексереді. Жол белгілері, сондай-ақ қоршаулар, жарықтандыру және жол қауіпсіздігіне арналған басқа да техникалық құралдардың жағдайы тексеріледі. Патрульдік бағыттар мектептерге жақындатылады. Сабақ басталатын және аяқталатын уақытта патрульдеу күшейтіледі.

Дабыл түймелері, бейнебақылау жүйесі, кіруді бақылау құралдарының және басқа да қауіпсіздік жүйелерінің жұмыс істеуіне ерекше назар аударылады. Қауіп төнгенде, күдікті адам немесе күдікті зат табылғанда қалай әрекет ету керектігі пысықталады.

Әр мектепке қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері мен қызмет басшылары бекітілген. Кәмелетке толмағандармен, әлеуметтік жағдайы қиын отбасылармен және профилактикалық есепте тұрған адамдармен де жұмыс күшейтілді. Балалардың қауіпсіздігі көбінде үлкендердің мұқият болуына байланысты.

Полиция жүргізушілерді мектептердің, жаяу жүргінші өткелдерінің және балалар көп жиналатын орындардың жанында барынша сақ болуға шақырады.