Косметика мен тұрмыстық химия цифрлық бақылауға көшеді

0
89

Аталған пилоттық жобаға тауар өткізу тізбегінің әртүрлі буындарын қамтитын 20 ұйым қатысты.


Косметика мен тұрмыстық химия цифрлық бақылауға көшеді

Фото: energyprom

ERNUR.KZ. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператормен бірлесіп жүзеге асырылған тұрмыстық химия және косметикалық өнімдерді таңбалау және қадағалау бойынша қанатқақты жобаны аяқтады, деп жазады inform.kz.

Аталған пилоттық жобаға тауар өткізу тізбегінің әртүрлі буындарын қамтитын 20 ұйым қатысты. Олардың қатарында 7 отандық өндіруші, сондай-ақ импорттаушылар мен көтерме және бөлшек сауда өкілдері бар. Жоба аясында сәйкестендіру құралдарын қолданудың түрлі тәсілдерін сынақтан өткізу және олардың қолданыстағы өндіріс пен тауарайналымы жағдайындағы тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретін технологиялық 12 эксперимент жүргізілді.

Сынақтар Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы (СЭҚ ТН) кодтары бойынша жеті тауар тобын қамтыды. Олардың қатарында сабын, жуу және тазалау құралдары, сәндік косметика, шаш пен ауыз қуысына күтім жасауға арналған өнімдер бар. Қатысушылар таңбалау жүйесінің толық жұмыс циклін — таңбалау кодтарын шығару және өнімді топтастырудан бастап, оны бақылау-кассалық машиналар арқылы айналымнан шығаруға дейін тексерді.

Практикалық сынақтар отандық кәсіпорындар мен ірі импорттаушылардың өндірістік және қойма алаңдарында жүргізілді. Жобаға «МедиДез ҒӨБ» ЖШС, «Аврора» ӨКЖШС, «ПрофХим» ЖШС, «Вита Вент» ЖШС, «Проктер энд Гэмбл Қазақстан Дистрибьюшн» ЖШС, «Amway Central Asia» ЖШС және басқа да компаниялар қатысты. Бұл нақты өндірістік үдерістер жағдайында сәйкестендіру құралдарын қолданудың әртүрлі тәсілдерінің, оның ішінде жапсырма жапсыру және тікелей басып шығару әдістерінің тиімділігін бағалауға мүмкіндік берді.

«МедиДез» ҒӨБ» ЖШС өкілі атап өткендей, пилоттық жобаға қатысу таңбалау жүйесі жұмысын қолданыстағы өндіріс жағдайында сынақтан өткізіп, оның іс жүзіндегі технологиялық үдерістерге ықпалын бағалауға мүмкіндік берді.

— Өндірушілер үшін жаңа цифрлық шешімдердің саланың ерекшеліктері мен нақты өндірістік үдерістер ескеріле отырып енгізілуі аса маңызды. Сондықтан пилоттық форматтың практикалық маңызы зор. Ол әртүрлі технологиялық шешімдерді сынақтан өткізуге, сәйкестендіру құралдарын қолданудың ең тиімді тәсілдерін анықтауға және реттеуші шешімдер қабылданғанға дейін ықтимал мәселелерді алдын ала пысықтауға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл мемлекеттің міндеттерін де, бизнес мүдделерін де тең дәрежеде ескеретін теңгерімді тетіктерді қалыптастыруға ықпал етеді, — деп атап өтті пилоттық жоба барысында «„МедиДез“ ҒӨБ» ЖШС өндірістік цехының шебері Әмір Өтенов.

Қанатқақты жоба нәтижелері тауарларды цифрлық таңбалау саласында одан әрішешімдер әзірлеу кезінде пайдаланылады.

Жоба барысында алынған деректер саланың техникалық дайындығын бағалауға, цифрлық шешімдерді қолданыстағы бизнес-үдерістерге енгізудің ерекшеліктерін айқындауға және тұрмыстық химия мен косметикалық өнімдер нарығының ерекшеліктерін ескере отырып, нормативтік реттеуді жетілдіру жөнінде ұсыныстар қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Айта кетелік Қазақстанда тұрмыстық химия мен косметика таңбалануы мүмкін екенін жазған едік.