Қорғас тас жолындағы қайғылы апаттан бір отбасы қаза тапты

0
85

​Жұбайлардың екеуі де 40 жаста, ал қаза тапқан бойжеткен небәрі 20 жаста болған.


Қорғас тас жолындағы қайғылы апаттан бір отбасы қаза тапты

Фото: istockphoto.com

ERNUR.KZ. Алматы облысында болған қайғылы жол апатының жаңа мәліметтері белгілі болды. Алматы – Қорғас тас жолындағы апат салдарынан ерлі-зайыптылар мен олардың үлкен қызы оқиға орнында көз жұмды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Жұбайлардың екеуі де 40 жаста, ал қаза тапқан бойжеткен небәрі 20 жаста болған. Тағы екі бала мен омыраудағы нәресте түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Олар ата-анасы мен әпкесінің қаза тапқанынан әлі бейхабар.

«Бауырымнан айырылып қалғанымды жаңа ғана білдім. Олар оқиға орнында жан тапсырды. Артында екі баласы қалды. Біз әділдікті талап етеміз», — дейді марқұмның қарындасы Анара Әбдірасулова.

Куәгер Шұхрат Асановтың айтуынша, ол қатты соққының дауысын естіп, көшеге жүгіріп шыққан. Ол бірден бұзылған Audi көлігінен жасөспірім мен сәбиді алып шыққан. Ал ересектер темір құрсауда қысылып қалған. Куәгерлер Haval автокөлігінің қарсы бағытта сенімді түрде келе жатқанын және жүргізушісінен ішімдік иісі шыққанын алға тартуда.

Марқұмдардың туыстары бұл апатқа полиция қызметкері кінәлі деп есептейді. Олардың сөзіне қарағанда, 37 жастағы жедел уәкіл 23 маусым — Полиция күнін тойлап, рөлге мас күйінде отырған және қарсы бағытпен қозғалған.

Жол апатынан кейін ауруханаға түрлі дене жарақаттарымен төрт адам жеткізілді. Олардың қатарында қаза тапқандардың 19 жастағы қызы, 14 жастағы ұлы, 10 айлық немересі және Haval автокөлігінің жүргізушісі бар. Дәрігерлердің мәліметінше, жүргізуші басынан ауыр жарақат алған.

Алматы облыстық Полиция департаменті күдіктінің өз қызметкері екенін ресми түрде әлі растамады, бірақ тергеу амалдарының басталғанын хабарлады.

Ресми мәліметке сәйкес, Haval автокөлігінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Audi автокөлігімен соқтығысқан. Қазіргі уақытта күдікті реанимация бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылған және полицияның күзетінде жатыр. Тәртіп сақшылары оның денсаулық жағдайы тұрақталғаннан кейін қамауға алынатынын мәлімдеді.