2024 жылдың 13 наурызынан бастап Қазақстанда "көлік салонынан тыс жолаушы тасымалдағаны үшін" жауапкершілік күшейтілді.
Фото:depositphotos.com
ERNUR.KZ. Интернетте жүріп бара жатқан көлік салонынан қолды шығарғаны үшін айыппұл салынатыны туралы ақпарат тарады, деп жазады tengrinews.kz.
2024 жылдың 13 наурызынан бастап Қазақстанда "көлік салонынан тыс жолаушы тасымалдағаны үшін" жауапкершілік күшейтілді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске 593-баптың 1-2-бөлігі енгізілді, оған сәйкес қозғалыс кезінде жолаушылар көлік терезесінен немесе төбесінен шықса, не есіктерді ашса, жүргізушіге 10 АЕК (39 320 теңге) айыппұл салынады.
Алайда әлеуметтік желілерде пікірталас туды: терезеден қолды шығару - бұл да құқық бұзушылық па?
Кодекстегі бапта былай делінген: жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын сақтамау (жолаушыларды салонынан тыс тасымалдау, терезелерден шығуына жол беру).
Яғни, жолаушы қолын терезеден шығарса, бұл – "салоннан тыс болу" дегенге жатады.
Қолданушыларда сұрақтар туандаған: мысалы, шылым шегетіндер не істейді? Немесе басқа жағдай: егер жолда бұрылыс көрсеткіші істен шықса, жүргізуші бұрыларда қолмен белгі беруі керек. Бұл енді құқық бұзушылық болып есептеле ме?
ІІМ не дейді?
Ведомство бұл тыйым бұрын да болғанын, бірақ оған нақты жауапкершілік қарастырылмағанын айтты.
Сол себепті бұл өзгерістер енгізіліп, 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде айыппұл белгіленген.
"Өз кезегінде, "шығару" дегеніміз – жолаушының көлік қозғалысы кезінде дене мүшелерін (бас, қол және т.б.) көлік құралынан тыс шығарып, сол арқылы жарақат алу қаупін тудыратын, сондай-ақ жүргізушінің назарын жол қозғалысы кезінде өзіне аудартатын әрекеттері", – деді ведомствоның баспасөз қызметі.
Басқаша айтқанда, сіз жолаушыларды көлік құралының сыртында тасымалдасаңыз немесе олардың сыртқа шығуына рұқсат етсеңіз, бұл әрекеттер қауіпсіздікке, сондай-ақ жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайда ғана жазаланасыз.
"Сонымен қатар, ӘҚБтК-нің 784-бабының 2-бөлігіне сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қараушы судья, орган (лауазымды тұлға) дәлелдемелерді жан-жақты, толық әрі объективті зерделеп, ішкі сенімімен, заң мен ар-ожданға сүйене отырып бағалайды. Ешбір дәлелдеме алдын ала күшке ие емес", – деп толықтырды ведомство.
Яғни, егер терезеден қолыңызды шығарып, жай ғана кетіп бара жатсаңыз, сізге айыппұл салынбайды.