Қазақстанның оңтүстігінде қоқыс жәшігінен нәресте табылды: полиция анасын іздестіріп жатыр

0
131


Қазақстанның оңтүстігінде қоқыс жәшігінен нәресте табылды: полиция анасын іздестіріп жатыр

Сәби. Иллюстративті фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. Жамбыл облысындағы Қордай ауданында қоқыс жәшігінен жаңа туған нәресте табылды. Осы оқиғаға байланысты полиция сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады, деп жазады tengrinews.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде қоқыс жәшігінен табылған нәрестенің суреті мен ақпарат тараған болатын.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері баланың анасын анықтау және оқиғаның мән-жайын білу мақсатында жедел-іздестіру және тергеу шараларын жүргізіп жатыр.

"Қазір нәресте медициналық мекемеде жатыр. Жағдайы тұрақты деп бағаланған, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ", - деп хабарлады Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Tengrinews.kz тілшісіне.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Еске салсақ, биыл ақпанда Семей полиция басқармасы Әуезов бөлімінің кезекші бөліміне қоқыс жәшігінен жаңа туған нәресте табылғаны туралы хабарлама түскен еді. Нәрестенің денесі орамалға оралған күйде болған.

Сол кезде оқиға орнына жедел-тергеу тобы жетті. Тергеушілер үй жағдайында босанған 20 жастағы қызды анықтады. Ол нәресте өлі туғанын айтқан.

Полиция баланы қоқыс жәшігіне тастап кеткен ер адамды да анықтады. Сотқа дейінгі тергеу барысында нәрестенің денесі сараптамаға жіберілді.