Олар AITU ұлттық мессенджеріне көшуі керек.
Фото: freepik.com
ERNUR.KZ. Бүгін үкіметте президенттің тапсырмаларын жүзеге асыру жөніндегі Цифрлық штабтың отырысын өткізген Олжас Бектенов 15 қыркүйекке дейін мемлекеттік органдардың қызметкерлерін AITU ұлттық мессенджеріне көшіру туралы тапсырма берді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Айта кетейік, штаб отырысының күн тәртібінде төрт мәселе қаралған. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндама жасаған. Штаб мынандай төрт маңызды шешім қабылдаған:
- мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялаудың кешенді жоспарын бекітті;
- жасанды интеллект деректер массивтерімен жұмыс істеу регламенті және оны жүзеге асыру жөніндегі жоспарды бекітті.
- Smart Data Ukimet бойынша мемлекеттік деректерді біріктіру бойынша жұмыстарды аяқтау мерзімдері анықталды. Жаңа хэштеу әдісін қолданатын интеграция биылғы 1 қыркүйегінде аяқталуы керек, ал барлық деректер осы жылдың 1 желтоқсанына дейін платформаға берілуі керек;
- осы жылдың 15 қыркүйегіне дейін мемлекеттік органдар қызметкерлерінің AITU ұлттық мессенджеріне көшіру туралы шешім қабылданды.
«Мемлекет басшысы Қазақстан Еуразиядағы цифрлық хабқа айналуы тиіс деген мақсатты алға қойып отыр. Нақты міндеттер белгіленді. Бүгінгі таңда Цифрлық штаб барлық мемлекеттік орган мен ұйымдар үшін міндетті шешімдер қабылдады. Нәтиже ақпараттық қауіпсіздікті жақсартуға және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған», - деді Бектенов.