Жыртқыштың ауылға немесе фермаға жақындағанын олар қалай біледі және жолбарыс малға шапса не істеу керек?
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі
ERNUR.KZ. Үміт есімді ұрғашы жолбарыс енді Балқаш өңірінің жабайы табиғатында тіршілік етеді, демек, оның жақын маңда жүргенін жергілікті фермерлер мен тұрғындар байқауы мүмкін, деп жазады tengrinews.kz.
Жыртқыштың ауылға немесе фермаға жақындағанын олар қалай біледі және жолбарыс малға шапса не істеу керек?
Біздің WhatsApp-нөмірге жазған Балқаш ауданының тұрғыны және жергілікті халық жолбарыспен кездесіп қалудан қалай қорғана алатынын сұрады.
"Үміт есімді жолбарыс ауылдарға жақындаса, Балқаш өңірі тұрғындарына SMS-ескерту келетіні рас па? Егер бір жағдай бола қалса, шынымен де мал үшін өтемақы төлене ме?" - деп жазды оқырман.
SMS қашан келеді?
Алматы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы "Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерваты шекарасынан 50 шақырым радиуста орналасқан фермерлерге, сондай-ақ Қарой ауылының тұрғындарына ескерту жасалатынын хабарлады.
"Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерваты ұсынған мәліметтерге сәйкес, SMS-құлақтандыру жүйесі резерват шекарасына тікелей жақын жерде (50 шақырым) орналасқан фермерлерді, сондай-ақ Қарой ауылын хабардар ету мақсатында жұмыс істейді", - деп бөлісті ведомство өкілдері.
Егер жолбарыс фермаға немесе ауылға 5 шақырым қашықтыққа жақындаса, хабарлама автоматты түрде келеді.
"Жолбарыс фермаға 5 шақырым қашықтыққа жақындағанда SMS-хабарлама автоматты түрде түседі, ал Қарой ауылына 5 шақырым қалғанда - әкімшілік пен полиция өкіліне жетеді. Хабарлама жолбарыстың қарғыбауын бақылаумен байланысты бағдарламалық жасақтама арқылы кідірмей, автоматты түрде қалыптасады", - деді басқармадағылар.
Жолбарыс малға шапса не істеу керек?
Мұндай жағдайлар үшін резерватта кикілжіңге қарсы топ жұмыс істейді.
Егер жергілікті тұрғындар мал жолбарыстың шабуылынан зардап шекті деп есептесе, бұл туралы мамандарға 8 800 004 07 15 тегін нөмірі бойынша хабарлау қажет.
Мамандар оқиғаның мән-жайын тексереді. Осыдан кейін өтемақы мәселесі шешіледі.
Бұл ретте, басқарма мәліметінше, төлемдер мемлекет есебінен жүргізілмейді. Қаражатты балансында өтемақы малы бар коммерциялық емес ұйым бөледі.
Ведомство Қарой ауылының өзінде де кикілжіңге қарсы топтың тұрақты жұмыс істейтінін қосып өтті. Оның міндеті - тұрғындардың қауіпсіздігін қадағалау және жолбарыстың елді мекен аумағына кіруіне жол бермеу.


