Қазақстандықтар жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру кезінде жүйеде ақау шыққанына шағымданды

0
69

Астанадағы мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы өкілдері анықталған техникалық ақаудың жойылғанын хабарлады. Сонымен қатар емтихан көліктеріндегі датчиктер жаңартылған.


Қазақстандықтар жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру кезінде жүйеде ақау шыққанына шағымданды

Фото: ChatGpt арқылы жасалды

ERNUR.KZ. Қазақстанда жүргізуші куәлігін алуға емтихан тапсырып жүрген азаматтар жүйенің қателігіне шағымданды. Олардың айтуынша, үміткерлер емтиханды сәтті аяқтағанымен, көлікті тоқтатқан соң жүйе қосымша айыппұл ұпайларын есептеген. Осылайша нәтижені 100 ұпай деп көрсеткен, деп жазады stan.kz.

15 ұпай 100-ге айналған

Астана тұрғыны осындай жағдайға тап болғанын жеткізді. Ол емтиханды аяқтап, мәреге 15 айыппұл ұпайымен жеткен. Алайда көлікті тоқтатқан соң мониторда нәтиже кенеттен 100 ұпай деп көрсеткен. Бұл емтиханнан өтпегенін білдіреді.

Осыған ұқсас жағдайға тап болған басқа азаматтар да жеткілікті. Емтиханға қатысушылардың біріне көлік жүргізу кезінде жүйе 25 айыппұл ұпайын есептеген. Ал мәреден өткен соң тағы ұпай қосып, нәтижесін 100-ге жеткізген. Кейін артық есептелген ұпайлар жойылған.

“25 айыппұл ұпайын жинадым, бірақ мәреге жеткенде тағы 100 ұпай қосылды. Бір аптадан астам уақыт өтті, қайта тапсыруға әлі жазған жоқ. Шілденің ортасында тапсырған едім, қазан айына қалып қоямын ба деп қорқамын”, – деп жазды ол.

Автомектеп өкілдерінің сөзінше, мұндай мәселе бір ғана қалада байқалмайды. Еламан Райымбеков бұл жағдайға техникалық ақаулар мен ескірген жабдық себеп болуы мүмкін деп санайды.

“Материалдық-техникалық базаны жаңарту керек. Себебі компьютер адам жасамаған қателерді есептеп жатыр. Қолданыстағы техника 2026 жылдың талаптарына сай емес. Арнайы Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы көліктер де, техника да ескірген”, – деді Еламан Райымбеков.

Жүйе қате ұпай есептесе не істеу керек?

Егер үміткер жүйе айыппұл ұпайларын қате есептеді деп санаса, ол емтихан кезінде түсірілген бейнежазбаларды сұрата алады. Бұл үшін емтихан өтетін алаңдағы және көліктің ішіндегі камералардың жазбаларын алуға болады.

Заңгерлер емтихан нәтижесімен келіспеген азаматтарға e-Otinish арқылы немесе сот тәртібімен шағымдануға кеңес берді. Олардың айтуынша, арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығы емтихан кезінде автодромда және көліктің ішінде түсірілген бейнежазбаларды ұсынуы тиіс.

Ал "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы мұндай жағдайларға қатысты өтініштер түсетінін растады. Сонымен қатар қолданыстағы тәртіпте техникалық ақау болған жағдайда не істеу керегі қарастырылған.

“Жүйе істен шыққан жағдайда есептелген ұпай жойылып, практикалық емтихан қайта тапсырылады. Практикалық емтиханға кезек пен бронь кезектен тыс беріледі”, – деп хабарлады мемлекеттік корпорация.

Датчиктер жаңартылды

Астанадағы мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы өкілдері анықталған техникалық ақаудың жойылғанын хабарлады. Сонымен қатар емтихан көліктеріндегі датчиктер жаңартылған.

Дегенмен мұндай жағдайлар қайталанса, қосымша шаралар қабылдануы мүмкін. Атап айтқанда, емтихан жүйесіне қызмет көрсететін компаниямен жасалған келісімшартты бұзу мәселесі қаралуы ықтимал.

Осылайша мониторда 100 айыппұл ұпайының көрсетілуі үміткердің шынымен 100 қателік жібергенін білдірмейді. Егер емтихан нәтижесі күмән тудырса, ең алдымен бейнежазбаларды сұратып, нәтижеге ресми түрде шағымданған жөн.