Еуропалық физика олимпиадасы – физика пәні бойынша дарынды оқушылардың теориялық білімі мен эксперименттік дағдыларын бағалайтын беделді халықаралық жарыстардың бірі.
ERNUR.KZ. Швеция Корольдігінің Гётеборг қаласында 10-шы Еуропалық физика олимпиадасы (European Physics Olympiad, EuPhO 2026) өз мәресіне жетті. Беделді халықаралық білім додасына әлемнің 41 елінен 200-ден астам оқушы қатысты. Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, 3 күміс және 1 қола медаль иеленді, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
Жарыста Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағыттағы NIS-тің 11-сынып оқушысы Арғын Сейтқамит, Қостанай облыстық дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Таир Әбдіқадыр, Астана қаласындағы NURORDA мектебінің 10-сынып оқушысы Мерген Сабыров күміс медаль иеленді. Алматы қаласындағы NURORDA мектебінің 10-сынып оқушысы Жоламан Абылайхан қола медаль еншіледі.
Ұлттық құраманың халықаралық олимпиадаға қатысуын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы Бекмырза Бейсенов пен халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Темірлан Исмағұлов үйлестірді.
Еуропалық физика олимпиадасы – физика пәні бойынша дарынды оқушылардың теориялық білімі мен эксперименттік дағдыларын бағалайтын беделді халықаралық жарыстардың бірі. Қазақстандық оқушылардың кезекті жетістігі еліміздің халықаралық білім кеңістігіндегі беделін арттырып, жас физиктердің жоғары дайындық деңгейін көрсетті.


