Қазақстанды қымбат мүлікі барлар 2027 жылдан бастап "Сән-салтанат" салығын төлейді

0
112

Төлем жасалмаған жағдайда алдымен ескерту жіберіледі, кейін салық бұйрығы шығарылады.


Қазақстанды қымбат мүлікі барлар 2027 жылдан бастап

ERNUR.KZ. Мемлекеттік кірістер комитетінің өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Гүлмира Смағұлова биыл елімізде қымбат жылжымайтын мүлік иелері көп салық төлемейтінін мәлімдеді. Айтуынша, "Сән-салтанат салығы" деп аталатын ережелер 2027 жылдан бастап жұмыс істейді, деп жазады stan.kz.

Гүлмира Смағұлованың айтуынша, қазіргі уақытта салық органдары жеке тұлғалардың мүлік салығын стандартты түрде есептеп отыр. Жақын арада бұл сомалар банктердің мобильді қосымшаларында және e-Salyq Azamat ресми сервисінде тексеруге және төлеуге қолжетімді болады.

“Жаңа Салық кодексінде қымбат мүлікке жоғары мөлшерлемелер енгізу қарастырылған және бұл нормалар 2026 жылдан бастап күшіне енгенімен, есептеу тәртібі бөлек. Қазақстанда мүлік салығы әрдайым өткен жылдың қорытындысы бойынша төленеді. Осыған байланысты ол тек 2026 жыл үшін есептеліп, 2027 жылы ғана төленеді. Биыл ешкім сән-салтанат салығын төлемейді. 2027 жылы сол кезде нормалар іске қосылады", – деді Гүлмира Смағұлова.

Осылайша, қымбат элиталық жылжымайтын мүлік пен басқа да сән-салтанат заттарына қатысты жоғары салық төлемдері қазақстандықтарға тек бір жылдан кейін ғана келеді.

Гүлмира Смағұлова дегенмен Қазақстанда 2026 жылдан бастап қымбат автокөліктерге акциз енгізілетінін мәлімдеді. Бұл салық құны 18 мың АЕК-тен асатын (77 миллион 850 мың)автокөліктерге қатысты. Ол мұндай көліктер Қазақстан аумағына жеке тұлға арқылы әкелінсе немесе ел ішінде сатып алынса, акциз салынатынын түсіндірді. Бұл талап үшінші елдерден де, ЕАЭО елдерінен әкелінетін көліктерге де қолданылады.

Маңыздысы — бұл салық тек жеке тұлғаларға қатысты. Акциз мөлшерлемесі көлік құнының 10%-ын құрайды.

Төлеу мерзімдері сатып алу түріне байланысты:

  • үшінші елдерден әкелінсе — кедендік рәсімдеу кезінде;
  • ЕАЭО елдерінен әкелінсе — әкелінген айдан кейінгі айдың 20-на дейін;
  • Қазақстан ішінде сатып алынса — сатып алынған айдан кейінгі айдың 20-на дейін.

Акциз тек бір рет, көлік әкелінген немесе сатып алынған кезде төленеді. Кейін қосымша үстемақы қарастырылмайды.

Сән-салтанат акцизі тек көліктермен шектелмейді. Оған:

  • құны 24 мың АЕК-тен асатын яхталар мен ұшақтар (шамамен 103 миллион 800 мың теңге);
  • бір литрі 500 мың теңгеден асатын алкоголь өнімдері;
  • бір данасы 10 мың теңгеден қымбат сигаралар да кіреді.

Барлығына 10% мөлшерлеме қолданылады.

Егер салық уақытында төленбей, қарыз 40 АЕК-тен асса, жеке сот орындаушысы азаматтың шетелге шығуына шектеу қоюы мүмкін.

"Салық қарызы бар-жоғын алдын ала тексеріп алған жөн", – деп ескертті Смағұлова.

Төлем жасалмаған жағдайда алдымен ескерту жіберіледі, кейін салық бұйрығы шығарылады. Егер қарыз өтелмесе, іс жеке сот орындаушыларына беріледі.