Қазақстандағы автомобиль жолдары жобаларын жаңғырту: цифрлар мен деректер

0
136

2026–2028 жылдарға арналған автомобиль жолдары саласын дамытудың үш жылдық жоспары аясында Қазақстанда республикалық маңызы бар автомобиль жолдары желісін ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда.


Қазақстандағы автомобиль жолдары жобаларын жаңғырту: цифрлар мен деректер

ERNUR.KZ. Ағымдағы жылы республикалық маңызы бар автожолдардың шамамен 8,9 мың шақырымы жол жұмыстарымен қамтылды, бұл – соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігі.

Жалпы алғанда, еліміз бойынша барлық деңгейдегі 11 мың шақырымнан астам автожол қамтылып отыр. Жұмыстар бірнеше бағытта жүргізілуде: халықаралық көлік дәліздерін реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу, сондай-ақ жаңа магистральдар салу.

Жобалардың қатарында II техникалық санаттағы «Қызылорда – Жезқазған» (400 км) автомобиль жолын реконструкциялау жобасы бар. Жұмыстар 2025 жылдың сәуір айында басталды. Қызылорда облысындағы 192 шақырым толық аяқталып, көлік қозғалысына ашылды. Ұлытау облысындағы 208 шақырымда реконструкциялау жұмыстары жалғасуда, жобаны аяқтау 2027 жылға жоспарланған. Қазіргі таңда нысанда 6 асфальт-бетон зауыты, 600-ден астам техника және 1011 адам жұмыс істеуде.

«Ақтөбе – Ұлғайсын» (28 км) проектінде 2024 жылдың маусым айынан бастап 102 техника мен 115 маман жұмылдырылған болса, бүгінде олардың саны 368 техника мен 499 техникалық маманға жетті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша асфальт-бетон жабыны төселген бір жолақта қозғалыс ашылды.

Ертіс өзені арқылы жаңа көпір салу жобасында 290 қызметкер мен 86 техника жұмылдырылған. Көпір өткелі мен оған кіреберіс жолдардың жалпы ұзындығы 2,7 шақырымнан асады.

Туристер үшін маңызды жобалардың бірі саналатын «Өскемен – Рахман қайнары» (28 км) жолында жол төсемі мен көпір құрылыстарын салу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта нысанда 65 техника мен 135 адам еңбек етуде.

«Петропавл – Ресей Федерациясының Қорған қаласына дейінгі шекарасы» жобасы бойынша 2024 жылы жалпы ұзындығы 30,2 шақырым жолдың 15,3 шақырымында қозғалыс ашылды. Жобаны аяқтап, пайдалануға беру осы жылдың тамыз айында күтілуде.

27 шақырымдық Атырау қаласының айналма жолында 66 техника мен 109 жұмысшы жұмылдырылған. Жалпы көлемі 1 503 мың текше метр болатын жер төсемінің 914 мың текше метрі салынды, 2 көпір мен 2 жол өтпесінің құрылысы жүргізілуде. Жұмыстарды аяқтау 2026 жылдың соңына дейін жоспарланған.

2030 жылға дейінгі жоспар аясында жаңа ірі жобаларды іске асыру көзделген. Олардың қатарында «Қызылорда – Ақтөбе» бағыты («Қызылорда – Сексеуіл» (462 км), «Ақтөбе – Ұлғайсын» (234 км), «Ұлғайсын – Сексеуіл» (312 км), «Бейнеу – Сексеуіл» (800 км)), «Орталық – Батыс (Астана – Ырғыз)» (896 км), «Жезқазған – Қарағанды» (572 км) автожолдары, сондай-ақ ірі қалалардың айналма жолдары (Сарыағаш айналма жолы – 102 км, Қызылорда айналма жолы – 26 км және Рудный қаласының айналма жолы – 17 км) бар.

2026–2027 жылдары аяқталуы жоспарланған жалпы ұзындығы 4 мың шақырым болатын 126 учаскеде орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүзеге асырылуда. Оның ішінде 321 шақырым күрделі жөндеумен, ал 3,6 мың шақырымнан астамы орташа жөндеумен қамтылған. Негізгі бағыттардың қатарында «Жезқазған – Петропавл», «Алматы – Шелек – Қорғас», «Атырау – Орал», «Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан шекарасы» және басқа да жолдар бар.