Қазақстанда ұшақтарда интернетті сынақтан өткізу басталады

0
96

Ұшақтарда спутниктік интернет технологиясын пилоттық режимде сынақтан өткізу 2026 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған.


Қазақстанда ұшақтарда интернетті сынақтан өткізу басталады

Фото: Zakon.kz/Павел Михеев

ERNUR.KZ. Қазақстанда ұшақ бортында интернетті енгізу бойынша пилоттық жоба сынақтан өтеді, деп жазады zakon.kz.

Министрліктің мәліметінше, Телекоммуникациялар комитеті Air Astana және Viasat компанияларының өкілдерімен ұшақтарда спутниктік интернетті енгізу мәселелері бойынша жұмыс кездесуін өткізген.

Кездесу барысында жолаушыларға ұшу кезінде жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділік беру жобасының перспективалары, сондай-ақ әуе кемелерін спутниктік байланыс жүйелеріне қосудың құқықтық, техникалық және ұйымдастырушылық мәселелері талқыланды.

Бұдан бөлек, тараптар ұшақ бортында байланыс қызметтерін көрсетуді құқықтық реттеу, бұл бағыттағы халықаралық тәжірибе және жобаны іске асырудың келесі кезеңдерін үйлестіру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты. Ұшақтарда спутниктік интернет технологиясын пилоттық режимде сынақтан өткізу 2026 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған.

Айта кетейік, Қазақстанда пойыздарды интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары да жалғасып жатыр. Бұған дейін, 2026 жылғы 16 маусымда, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ стратегия және цифрландыру жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Ануар Ахметжанов жаздың соңына дейін елдегі барлық негізгі теміржол бағыттарын спутниктік интернетпен қамту жоспарланып отырғанын мәлімдеген болатын.